Алматыны абаттандырып, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазартуға 180 мыңнан астам адам ат салысты. Шаһар жұртшылығы сенбіде таңертеңнен қолдарына күрек ұстап, көше бойларындағы арналардың көзін ашты. Арық-жылғаларды тазартты. Бір күнде 3 мың 325 дана ағаш отырғызылып, 9 мың текше метр қоқыс сыртқа шығарылған. Қала тұрғындарымен қатар, Алматыны көріктендіруге қала әкімі де белсене қатысты.
Қала тұрғындары кетпен-күректерін сайлап, сенбіде тазалыққа шықты. Жалпы қалалық сенбілікте 44 шақырым өзен арналары мен жағалау, 209 шақырым арық жүйелері қоқыстан тазартылды. 3 мың метр қоршау және 1 мыңнан астам қоқыс жәшіктері боялды. Тазалық шарасы қаладағы үлкен саябақтың бірі Ботаникалық бақта да ұйымдастырылды. Демалыс орнын тазарту жұмысына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және 600-ден астам мемлекеттік қызметкер мен студенттер қатысты. Көппен бірге қаланы көріктендіруге қала әкімі де ат салысты.
«Елбасы айтты ғой рухани жаңғыру деген. Соның ішінде экологиялық сана сезім кіреді. Сана сезімді өзгерту керек»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Биылғы көктемде қала аумағында 10 мың түп көшет отырғызу жоспарланыпты. Осы сенбіде оның 3 мыңы егілді. Жалпы айтқанда, 104 гектар аумақты құрайтын ботаникалық бақты көгалдандыруға ерекше мән берілмек. Осынау ерекше нысанды қолдау үшін Алматы әкімдігі Білім және ғылым министрілігімен бірлесіп «Бас ботаникалық бақты дамыту қорын» құруға қатысты жұмысшы тобын жасақтаған. Оның жобасын әзірлеуге арнайы халықаралық дизайнерлік компания тартылыпты.
«Ботаникалық бақ аумағында, көптеген өсімдік түрлері отырғызылған. Оның ішінде бейімделгендері қала ішіне егілді. Қазір шаһарды көгалдандыруға ағаштың 120 түрі қолданылмақ. Былтыр Алматыда 5 мың түп жасыл-желек отырғызуға бердік. Ал, биылдың өзінде 1 мың ағаш шығарып отырмыз. Бұл әзірге көгалдандыру шарасының бастамасы ғана»,- деді Ботаникалық бақтың директоры, Гүлнәр СІТПАЕВА.
Биыл 85 жыл толатын ботаникалық бақ, 2006 жылдан бері табиғаты қатаң қорғалатын республикалық маңызы бар аймақтар тізіміне енген. Таңнан басталған тазалық шарасы кешке дейін жалғасты. Алматының орталық көшелері мен саябақтары, бітелген арық-жылғалар әп-сәтте жарқырап, мұнтаздай кейіпке енді. Шараның басты мақсаты - табиғатты аялау жалпының ісі екенін ұғындыру.
«Сенбілікті еңбек мерекесі деп атауға болады. Қаланы тазалау жұмысына, көгалдандыруға барлық тұрғын ат салысады. Барлығы көтеріңкі көңіл-күйде, уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың»,- деді Қала тұрғыны, Қазыбек Қайсаров.
Жалпы қалалық сенбілікке 763 арнайы техника жұмылдырылып, 8915 текше метр қоқым қала сыртындағы полигонға шығарылды. Тазалық шарасы қалада алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.
Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы
.