Алматыда алғаш рет халал өнімдердің жәрмеңкесі өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен
ұйымдастырылған шараға, еліміздің әр түпкірінен 30-дан аса кәсіпорын өз
өнімдерін сауда сөрелеріне қойған. Келушілерге ет пен сүт өнімдері,
кондитерлік және азық-түлік тауарлары ұсынылды.
Сөреде самсап тұрған бұл өнімдердің барлығы - табиғи таза, құнарлы.
Ешқандай қоспасы жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халал
өнімдерді іріктеп, алғаш рет осындай жәрмеңке ұйымдастырып отыр. Тауар
алуға келгендер қарақұрым. Дені - өнім сапасына
дән-риза.
Еліміздің әр аймағынан келген шаруалар сауда сөресіне ет пен сүт
өнімдерін, кондитерлік тауарлар мен сусындардың сан түрін қойды.
Азық-түлік жәрмеңкесіне биологиялық белсенді қоспаларды өндіретін
компаниялар да шақырылған. Солардың бірі - шығыс аймақтан ат арытыпты.
Олар ет өнімдерін 16 жылдан бері әзірлеп келеді. "Адал" сертификатын
алғандарына 2 жыл болған.
"Қазір Семей қаласынан басқа, Өскемен қаласында, сондай-ақ, бүкіл
шығыс Қазақстан облысы бойынша өз өнімдерімізді сатып жатырмыз., Алматы
нарығына да бірте ойыстық",- деді Халал өнім өндіруші, Ақболат ЖАҚУОВ.
Қазақстан бойынша, "Адал" сертификаты әзірге 75-ке жетеғабыл
кәсіпорынға берілген. Мамандар халал тауарларға тексеріс жасау әлі де
жалғасады,- дейді. Бастысы - тұрғындарға өнімдерді алар кезінде, оның
анықтамасына көз жеткізу керек.
"Сатушылардан, сол өнімді өндіретіндерден кез-келген тұтынушының
құқығы бар халал деген сертификатын сұрауға. және оны кім өндірді, кім
тексерді деп сұрауға толық құқығы бар",- деді ҚМДБ халал өнімдерін
стандарттау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Әнуарбек ЕЛЖАНОВ.
Елімізде тұңғыш өткізілген халал өнімдердің жәрмеңкесіне ұзын-ырғасы
30 өндіріс орны қатысты. "Адал" сертификатын алуға асық мекемелер әлі де
жетерлік. Өйткені, қазір әлем бойынша өнімнің осы түрлеріне деген
сұраныс артқан. Ірі кәсіпорындар, аз ғана уақытта, халал өнімдерді
жаһандық нарыққа шығару арқылы 3 трлн доллар пайда тапқан.
"Малайзияның Жаким деген үлкен қала орталығы бар. Оны дүниежүзілік
халал сертификаттау орталығы деп айтуға болады. Болашақта біз осы
малайзия еліне де шығып, өзіміздің өнімдерді бүкіл Араб және Ислам
елдеріне шығаруды көздеп отырмыз",- деді ҚМДБ бсашысы бас мүфти, Ержан
ҚАЖЫ МАЛҒАЖЫҰЛЫ.
Діни басқарма мұндай жәрмеңкелерді енді еліміздің әр аймағында тұрақты
түрде өткізуді жоспарлап отыр. Ал сатылған өнімдер нарықтағы бағадан
әлдеқайда арзан.
Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы