Алматыда есепке жүйрік балалар үзеңгі қағыстырды

03.05.2017 15:48

Алматыда есепке жүйрік балалар үзеңгі қағыстырды. Жүздеген сандардың қосындысын санаулы секундттарда саусақпен сытырлатып, шешімін табуға тырысқан балалар арасында ментальді арифметикадан республикалық жарыс өтті. 4 пен 14 жас аралығындағы оқушылардың ішінен оза шапқан ойшылдар абакус тәсілімен есеп шығарудан ел намысын Индонезияда қорғамақ.

Саусақтарын сытырлатып, санаулы секунттарда үш және екі таңбалы сандарды бір-біріне көбейтіп, қосып, алып жатқан балалардың ең кішісі төрт жаста. Әр облыстан жиналған балалар осымен бесінші рет бас қосып, аз уақытта үйренген білімдерін көпке көрсетті. 

«Есептерді тез шығару. Есте сақтау қабілетім жақсарды.  Оның үстіне орыс тілі, әдебиет пәндерінен  де оқуым жақсарды»,- деді 6-сынып оқушысы, Оразбек НҰРТӨРЕ. 

Қытай, жапондардың «абакус» есепшоты арқылы бастау алатын арифметиканың елімізге келгеніне де бес жылдан асып кетті. Оқыту құны қымбат, мектеп бағдаралмасына енбеген әдіс болса да, есеп шығарудағы ойша ойлау жылдам болғандықтан бұл салаға сұраныс жоғары қазір. Есептеу тәсілі уақыт жағынан  калькулятордан озып кетеді. 

«Екі егіз қыздарым. Ерсұлтан Алима, Алина. Екі жарым жылдан бері осы ЮСИМАС-та оқып жатырмыз және жарыстарға қатысып жатырмыз. Халықаралық жарыстарға барып келдік Индияға. Баланың зейінін, ойлау қабілетін, тез арада шешім қабылдау,  кез келген жағдайдан шығып кетуге, ойша есептеуге үйретеді»,- деді Ата-ана, Гүлнәр АМАНБАЕВА. 

Ментальді арифметикадан сабақ беру үшін мұғалімдерге  математик болу шарт емес. Тек үш айлық курсты оқып, педагогикалық білімі болса болды. Арифметикада сандардың шешімін ауызша жылдам шешкенмен, есептің шешілу жолдарын жете түсіндіріп жатпайды. Соған қарамастан мектепке бармаған балада жүздеген сандардың шешімін оңай таба алады.  Ал 10 сатылы әдісті толық меңгеру үшін бір балаға кемінде үш-төрт жыл уақыт кетеді.

«Бұл жерге жиналған балалар әр өңірде өткен жарыстардың жеңімпаздары. Бүгінгі жарыстан жеңген балалар 6-желтоқсанда Индонезияның Бали аралына жолдама алады. Бүгінгі жарыстың негізгі мақсаты, балаларды көшбасшылыққа тәрбиелеу. Өз-өзіне сенімді болуға тәрбиелеу»,- деді Оқытушы, Айнұр НАРБАСЫНОВА.  

Осымен бесінші рет өткізілген жарысқа республиканың әр өңірінен 4 пен 14 жас аралығындағы балалар қатысты.  Ойлау, есте сақтау қабілеттеріне қосымша көмек беретін арифметикаға жүйрік жеткіншектерді жарысы бір күнге созылғанмен, негізгі бәсеке 10 минутқа жетпей аяқталды. Ал Бали аралына баратын жолдаманы Алматылық оқушы жеңіп алды.

Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы