Алматыда танымал архитектор Тимур Сүлейменовты соңғы сапарға шығарып салды

12.05.2018 01:56

Алматыда қазақ жұрты танымал архитектор, теңге дизайнерлерінің бірі Тимур Сүлейменовты соңғы сапарға шығарып салды. Қаралы шара Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде өтті. Арда азаматпен қоштасу рәсіміне қоғам қайраткерлері, әріптестері, дос-жарандары келген. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Елбасының көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Тимур Бимашұлы өз мамандығының хас шебері еді. Ол архитектор және дизайнер ретінде кемел білімі мен мол тәжірибесін туған елінің игілігіне арнап еңбек етті. Қазақстанда осы өнер түрлерінің дамуына лайықты үлесін қосып, бірқатар маңызды жобалардың іске асуында өз қолтаңбасын қалдырды. Елімізде алғаш рет Дизайнерлер одағын құрып, көп жыл бойы соның жұмысына жетекшілік жасады. Кезінде республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, заң шығару қызметінің дамуына да үлесін қосты. Аяулы азаматтың еңбегі мен дидары халқымыздың жадында әрдайым сақталады деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болғай. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Осы күні Тимур Сүлейменовтың өзіндік қолтаңбасын еліміздің әр өңірінен көруге болады. Олардың арасында Астанадағы саяси репрессия құрбандарына арналған Мемориалды кешен, «Атамекен» этно-мемориалды паркі, Аңырақай шайқасындағы тарихи ескерткіштер, Алматы облысындағы «Черкасск қорғанының батырлары» мемориалды кешені бар. Сәулетшінің ең үлкен еңбегінің бірі - Мәскеу қаласындағы Абай ескерткіші. Сонымен қатар, ол Алматыдағы Тәуелсіздік таңы ескерткішінің де  авторы.


Теги: панихида