Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Зақаш Камалиденов дүниеден озды

11.05.2017 15:50

7-ші мамыр күні Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Зақаш Камалиденов дүниеден озды. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған генерал-майор 81 жасқа қараған шағында көз жұмды. Туған-туыс, дос-жарандары Нарынның нар тұлғасын Алматыдағы Офицерлері үйінен мәңгілік мекенге шығарып салды.

Зақаш Камалиденовпен қоштасу рәсімі зейнеттегі генералдармен өзі жиі бас қосқан Офицерлер үйінде өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев марқұмның туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Нарынның нар тұлғасы атанған Зақаш Камалиденов 1936 жылы Атырау облысында туған. Жастай жетімдіктің ащы дәмін татқан ол оқуға өз күшімен түсіпті. Еңбек жолын Ембі мұнай кәсіпшілігінде қарапайым оператор болып бастаған. Адалдықтың туын көтерген азаматқа генерал-майор атағы 1982 жылы берілген екен.

«Ол кісі СЦК-ның хатшысы болған. Біздің қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған. Біздің парламенттің төрағасы болған. Совет Одағының парламент төрағасының орынбасары болған. Үлкен қызмет. Ол анау-мынауға келмейді ол кісінің таланты, ісқорлығы, халық айтқан сөзі өтетіндей сондай беделді, абыройы таза азамат», - деді «Генералдар кеңесі» РҚБ төрағасы, генерал-майор Рүстем ҚАЙДАРОВ.

Хамза Ғабдолла балалық шағы нағашы ағасы Зақаш Камалиденовпен бірге өткен деп еске алады. Ұзақ уақыт төсек тартып жатқан генерал-майорды 3 мамыр күні соңғы рет көріпті. Інісі Зақаш Камалиденовтың қайсар мінезді екендігін айтып отыр. Соңғы рет ол бауырларының қолын қысып, бар игі тілегін білдіріп кетіпті. Зақаш Камалиденовтың қазасы туған туыстарына ауыр тиді.  

«Зақаш Камелиденұлы қандай жұмыста болса да, қандай жерде еңбек етсе де өзінің адалдығын, ұйымдастырушылық қабілетімен көрініп, принципшілдігін сақтай білді. Азаматтық келбетін сақтады. Закеңнің осы принципшіл, азаматтық келбеті көптеген кейінгі азаматтарға үлкен тұлға, үлкен үлгі», - деді  З.Камалиденовтың нағашы інісі Хамза ҒАБДОЛЛА.

Генерал-майор 11-ші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесіне, 8-11 шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметінде атқарған. Зақаш Камалиденовтың туыстары енді туған жерінде мектепке аты берілсе екен деп отыр.