Алматыда оңтүстік-шығыс қазандығы толық жаңарды. Инженерлік желілер қайта жасалған соң қазандықтың жылу қуаты 25%-ға артты, енді қала тұрғындарының пәтерлеріне жылу тұрақты беріліп, жаңа абоненттердің қосылуы қамтамасыз етіледі. Қала әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында Алматы «Жылукоммунэнерго» мекемесінің жергілікті бюджет есебінен қайта жаңарған аудандық қазандықтың газбен жұмыс істеп, ауаға тек қызған бу ғана шығарылатынына назар аударды.
«Қауіпсіз, жайлы қала дегеніміз - қауіпсіз, қолайлы инфрақұрылым. Су, жарық, кәріз құбырлары, сақадай сай болу керек. Мысалы, бір-екі сағатқа осы айтылғандардың біреуі қолжетімсіз болса, қандай күйде боласын. Сондықтан да, қала бюджетінен шаһар инфрақұрылымына қыруар қаржы бөлінді, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазір міне, жемісін көріп жатырмыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Алматыда биылғы жаз маусымында инженерлік желілерді ауыстыру және салу барысында ауқымды жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 761 шақырым инженерлік жүйе жаңарған. Оның ішінде 313 км. Су, 266 шақырым кәріз құбырлары және 150 шақырым электр, сондай-ақ 32 шақырым 200 метр жылу желілері қайта тартылды. Айта кету керек, қаланың оңтүстік-шығыс қазандығын күрделі жөндеуден өткізу гидравликалық шығынды азайтты, кәсіпорын қуатын екі есеге арттырды, тұтынушыға жетер жылу температурасы көтерілді. Нәтижесінде 40 көп пәтерлі тұрғын үйге жылу беру сапасы жоғарылады.
«1979 жылы іске қосылған қазандыққа алғаш рет әкімдіктің қолдауының арқасында ауқымды реконструкция жасалды. Бір жыл бойына атқарылған жұмысқа 3 млрд. теңге бөлінді. Қазандықтың суытатын құбыры, бақылау, өлшеу қондырғылары, автоматика, суды химиялық тазалау жабдықтары түгел жаңарды. Жиілікті реттейтін энергосыйымды желі насостарын ауыстыру электр энергиясын үнемдеуге қол жеткізді», - деді «Алматы Жылукоммунэнерго» ЖШС-нің бас директоры Сүйіндік АХМЕТОВ.