Алматыда «Star of Asia» музыкалық фестивалі өтеді

17.08.2017 16:47

Әлемдегі ең ірі спорт кешені - Медеу мұз айдыны санаулы күндерден кейін халықаралық «Star of Asia» музыкалық фестивалінің қатысушылары мен көрермендерін қабылдайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған бұл шараға дайындық қалай? Талғампаз көрерменді ұйымдастырушылар қалай таңқалдырмақ?

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық «Star of Asia» музыкалық фестивалінің басты сахнасын құрастыру жұмыстары 10 күнге жалғасқан. Заманауи, бірегей, жұмыс технологиясы ерекше бұл сахна бой көтеруі үшін Қазақстан, Ресей, Германия және Украина мамандары бірлесе ат салысты.  Күрделі монтаждау жұмыстары аяқталған соң ұйымдастырушылар бірден дайындыққа білек сыбана кірісті. Айтуларынша, көзі қарақты көрерменді таңқалдыру үшін эстрада жұлдыздарымен қатар, дүниежүзіне аты әйгілі әншілердің сахналық қойылымы әзірленіп қойылған.

«Шоуда тағы да фонтандар болады, суда билейді әртістеріміз, аспаннан ұшып келетіндер бар, жердің астынан шығатындары бар. Бүгінгі заманда қандай жақсы технологиялық жабдық бар, соның барлығын көрсетуге бел буып отырмыз 2 күндік концертте», - деді Халықаралық «Star оf Asia» музыка фестивалінің қоюшы- режиссёры Назгүл ҚАРАБАЛИНА.

Айта кету керек, фестивальдің басты мақсаты - Алматыдағы туризм саласын дамыту. Дәл осындай ауқымды халықаралық шара арқылы ұйымдастырушылар өзге елдерден келетін саяхатшылармен қатар, ішкі туризмді де дәріптеуді көздеп отыр.

«Туризм саласын осындай ерекше, өзге елде жоқ шара арқылы дамыту қолға алынып отыр. Біз бұл фестиваль аясында шет елдерден келетін саяхатшылар саны артады деген ойдамыз. Өзге мемлекеттер әр түрлі мерекелік шара арқылы өз туризмын белсенді түрде насихаттайды. Сондықтан дәл осындай ауқымды музыкалық фестиваль Алматыда өтетіні қуантады, әрине», - деді  Халықаралық «Star of Asia» музыка фестивалінің режиссёры Шара АЙДАРОВА.

Хип-хоптан бастап классикалық музыка бағытындағы орындаушылар өз өнерлерін 19 мен 20 тамыз күндері «Медеу» мұз айдынында паш етеді. Бұл тарихи спорт кешенінің таңдалуы да кездесоқ емес. Алатаудан соққан самал жел, саф ауа, мың түрлі музыка қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас эмоция сыйлайтыны анық. Айта кету керек, билеттер онлайн және сауда орталықтары мен Республика сарайының кассаларында сатылып жатыр. Сондай-ақ фестиваль көрермендері үшін арнайы автобустар қатынайтын болады.

Нұрсұлтан Біләл, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы