Алматыда жылу құбырларын жүргізу жұмыстары күзге дейін жалғасады

Алматыда жылу құбырларын жүргізу жұмыстары күзге дейін жалғасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жылу құбырларын жүргізу жұмыстары алдағы күздің ортасына дейін жалғасады. Коммуналдық қызмет өкілдері осы күнге дейін 18 шақырым жаңа құбыр төсеп үлгеріпті. Қалған жартысы қазан айына дейін тартылып бітеді. Одан бөлек, 6 шақырым ескі құбырды жаңалап қойған. Ұзын-ырғасы 100-ге жуық адам жатпай-тұрмай еңбектеніп жатыр.

Қара жұмысшылардың қызметі қауырт қазір. Жарғақ құлақтары жастыққа тимей, жанталаса құбыр тартып жатыр. Өйткені, күн суытқанша, жұртқа жылу берілуі керек. Мердігерлер қазірдің өзінде жаңадан салынуы тиіс 30 шақырым жылу құбырының, жартысынан көбін тартып үлгеріпті. Әрі, 6 шақырым ескі құбырды ауыстырған. Ол іске 100-ге жуық адам жұмылдырылды.

«Тәулік бойы 3 ауысыммен жұмыс істейміз. Дәнекерлеушілер, темір кесушілер мен көлік жүргізушілері таңнан кешке дейін, ізін ала басқа бригада кештен түнге дейін еңбектенеді. Жоспар орындалуы керек. Сол үшін жұмыстан бас алмай жатырмыз»,- деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бас инженері, Дмитрий КИРДЯЙКИН.

Қарбаласқа коммуналдық қызмет өкілдерінің еті үйренген. Олар аптап ыстықтан гөрі, түнгі салқында құбыр тартқан әлдеқайда жеңіл дейді.

«Мен кранда жұмыс істеймін. Ауыр құбырларды тиеп, ауыстыратын жерге жеткіземін. Кезекшілігім түнгі аусымға түскенде кешкі 8-ден таңғы 6-ға дейін жұмыс істейміз. Барлығы ойдағыдай жоспарланған уақытта өтіп жатыр»,- деді Жүргізуші, Владислав СУМИН.

«Бізде қазір 4 участокта істеп жатырмыз, әр неде бір 40 адамдай істеп жатыр. Техника да барлығы істеп жатыр. Орысша айтқанда новая технология, сол трубаны қойып жатырмыз. Бұрынғы құбырлар 20-25 жыл істесе, осы құбырлар 40-50 жылға шыдайтын»,- деді Бригадир, Қожахмет АЛМАБЕКОВ.

Жаңа құбырлар қысымға төзімді, тот баспай ұзақ жылға шыдас береді екен. Сондай-ақ, құбырларға қашықтықтан бақылайтын жүйе орнатылмақ. Бұл өз кезегінде ақаулардың қай жерден шыққанын бірден анықтауға мүмкіндік береді.  Коммуналшылар орталық көшелердегі құбыр ауыстыру жұмыстарын оқу басталғанша аяқтамақ. Ал, толықтай жылу маусымына дейін бітеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Ернұр Досжанов, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров