Әуезов ауданындағы тұрғын үй аулаларының бірінде біреудің баласын оңдырмай сабап тастаған 35 жастағы әйел жұртшылықтан кешірім сұрады. Елді шулатқан оқиғаның арты екі отбасының татуласуымен аяқталды. Зардап шеккен өскін Женяның ата-анасы өз ісіне өкінген көрші келіншектің қылығына кешіріммен қарады. Ал Женя жақын арада анасы мен қарындасы үшеуі курортқа аттанады және келеңсіз жайтты ұмыту үшін тегін компьютерлік курсқа қатыспақ. Жазғы демалысын жақсы өткізу үшін оған бар жағдайдың жасалып жатқандығын отбасының жақын досы Дмитрий Васько есімді желі қолданушысы мәлімдеді. Сондай-ақ ол өз парақшасына әйелдің таяқ жеген отбасыдан ғана емес, бүкіл ел алдында айыбын мойындап, кешірім сұраған видеосын жүктеген. Естеріңізге салсақ, 6 маусым күні «Жетісу-2» ықшамауданында 13 жасар Санжар мен 10 жастағы Женя балалықпен керісіп қалған еді. Кикілжіңге киліккен Санжардың анасының әрекеті бейнекамераға түсіп қалған болатын. Жұрттың көзіне іліккен видео ешкімді бей-жай қалдырмай, іс құзырлы орындардың қолына өткен. Кінәлі деп танылған келіншекке Қылмыстық кодекстің 108-ші бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені» үшін деген іс қозғалған еді.
«Мен өзімді ақтап тұрғаным жоқ. Бұлай жасамауым керек еді. Менің бұған құқығым жоқ. Бірақ жағдай осындай болып қалды. Мен өте қатты өкінемін және барша елдің алдында кешірім сұрағым келеді. Өтінем, кешір мені Женя!», - деді.