Мердігерлер мезі етті. Бостандық ауданында көпқабатты тұрғын үй салып жатқан құрылысшылар бұқараның мазасын қашырған. Олар жер асты көлік тұрағын салу кезінде су құбырларын бүлдіріп кетіпті. Салдарынан тұрғындардың суық сусыз отырғандарына 1 айға жуықтады. Ал құрылысқа рұқсат берген жауаптылар жоспар заң талаптарына сай жүргізіліп жатыр деп бет қаратпайды.
Жайлауовтардан жаз басталғалы маза кетті. Маусым айында әлдебір компания ұзақ уақыт бос жатқан телімге тұрғын үй салуды бастап, маңайдың апай-топайын шығарған. Олар көлікке арналған тұрақ орнын белгілеп, жерді қаза бастайды. Сол сәтте, тұрғындарға су таратып отырған құбырды жұлып кетіпті. Салдарынан алаңсыз жатқан елдің енді кеңезесі кеуіп отыр.
«Мен оны өзім салған жоқпын. Маусым айының басында кесіп алып тастады суды. Содан 7 күн жарықсыз отырдық, жарықты өзімнің ақшама істеттім. Ал су жоқ, әлі сусыз отырмыз. Акт жазып берді, олар қол қойған жоқ. Акт менде жатыр», - деді тұрғын Асқар ЖАЙЛАУОВ.
Тұрғын тіршілік нәріне «Алматы су желісі» арқылы заңды түрде қосылған екен. Қолында ай сайын су ақысына төлеген есепшоттары да бар. Ақысын төлеп, пайдасын көре алмағасын Жайлауовтар әулеті құрылысшылардың әрекетін айтып талай тиісті мекемеге шағымданыпты. Алайда, арызға құлақ асқан жан жоқ. Құрылысшылар судан ажыратып қана қоймай, ауладағы бейнебақылау камераларын да сындырып кеткен.
«Камераны сындырып тастады тұрған. Жолдың бәрі быт-шыт. Жол жиегін бәрін сындырып тастады, мен өзімнің ақшама бәрін істедім», - деді тұрғын Асқар ЖАЙЛАУОВ.
Құрылысшылар маңайдағы өзге де тұрғындарды мезі етіпті. Тынымсыз жүретін жүк көліктері мен бетон машиналары іргедегі үйлердің жолдарын жауып, бөгет қылады. Бассыздыққа көз жұма қарай алмаған тұрғындар жергілікті билік өкілдерінен көмек сұраған. Әйткенімен, әкімдіктен «қой» дейтін қожа табылмады.
«Бұл жерден көлік тұрмақ жаяу өтудің өзі мұң. Ауыр техникалар жолды жауып тастайды. Жаңбыр жауса айналаның барлығы лай-батпақ болады. Не түнде ұйқы жоқ. Құрылысшылар тыным бермей жұмыс істейді», - деді тұрғын Жазира ЮСУПОВА.
«Бұл үйдің іргетасы 90-жылдардың басында қаланды. Кейін 10 жылдай құры тұрып, құлап тоза бастады. Қазір құрылысшылар соның үстіне үйді сала бастады. Талап бойынша мұнда 5 қабаттан артық ғимарат салуға болмайды. Ал бұлар онсыз да құлап тұрған фундаменттің үстіне 7 қабат нысан тұрғызып жатыр. Шыны керек қорқамыз», - деді тұрғын Светлана ПОХИЛЬ.
Ал сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағылар 7 қабатты тұрғын үй кешенінің заңға сәйкес тұрғызылып жатқанын тілге тиек етті. Мердігер компанияның барлық тиісті құжаттары бар екен. Сондай-ақ құрылысшылар Жайлауовтар әулетін суық судан білместікпен ажыратыпты. Өйткені, құрылыс бастамас бұрын оларға берілген топографиялық түсірілімде маңайда инженерлік желі жоқ деп көрсетілген екен.
«Құрылыстың тапсырыс берушісі бойынша да тапсырыс берілді «Алматы су холдингіне». Оған жауап берілді. Яғни, бұл жоғарыда аталған жер учаскесі бойынша «Алматы су холдингте» мұрағат бойынша ешқандай су құбырын өткізуі туралы мәлімет жоқ», - деді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Дәурен ТҰРЫСБЕКОВ.
Көп қабатты үй тұрғызылып жатқан аумақта жүргізілген 55 мм-лік су құбыры «Алматы су» мекемесінің меншігіне тиесілі емес екен. Тұрғынның жеке меншігінде екен. Жайлауовтар сол құбыр арқылы Алматы су мекемесіне қарайтын 150 мм-лік құбырға қосылып, су тұтынып отырған. Десе де, қай тараптың дұрыс-бұрыс екені енді сот арқылы шешілмек.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы