Алматыға су жаңа автобустар келді. Евро-5 стандартындағы 50 қоғамдық көлікті «Green bus» компаниясы сатып алған. Олар автобус тапшы аудандарға қатынайды. Жаңа көлік жолаушы тасымалдауға кірісіп кетті. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек су жаңа көліктердің сапасын тексеріп, өз бағасын берді.
Қоғамдық көліктің құрамын жаңартуды мықтап қолға алған «Green bus» компаниясы автопарктерін тағы да Yutong маркалы 50 жаңа автобуспен толықтырды. 10 метрлік су жаңа көліктер Қытайда құрастырылған. Сапасы жақсы, дейді мамандар. Ішіне 70 жолаушы емін-еркін сыятын автобус «Оңай» терминалдарымен жабдықталған. Бейнебақылау камералары да орнатылған. Жаңа автобустар №50, 112 және №126 бағыттарға жіберіледі. Соның арқасында қоғамдық көлікті сағаттап күтуге мәжбүр болған тұрғындардың мәселесі шешілмек.
«Алматыэлектркөлік» компаниясын 5 жылға жалға алған «Green Bus» мекемесі осы уақытқа дейін 187 су жаңа автобус сатып алыпты. Келер жылы да бұл қарқыннан таймай, бірден 175 қоғамдық көлік әкелуді жоспарлап отыр. Компания өкілдері жүргізуші тапшылығы да шешілгенін алға тартты.
«Қолма-қол төлем 150 теңге болғаннан кейін, адамдардың басым бөлігі электронды картаға көшті. Электронды картаға өткеннен кейін, жолаушылар саны анықталды. Сондықтан біздің табысымыз да өсті. Табысымыз өскеннен соң, біздің жолаушылардың да айлығы өсті. 15 күн жүретін жүргізушілер ең азы 170 мың теңге шығып жатыр, негізі орташа 220, 250 мың айлық 15 күнде тауып жатқандары», - деді «Green Bus Company» ЖШС басшысының орынбасары Бақытжан РЫСПАЕВ.
Бұдан бөлек, қаладағы өзге жеке тасымалдаушылар да 254 жаңа автобус алуды жоспарлап отыр екен. Олардың 60-ның сыйымдылығы орташа болса, қалған 194 үлкен. Барлық автобустар кондиционерлермен жабдықталып, қаланың бренбукі бойынша бір стильде әрленеді. Қоғамдық көліктер Алып шаһарға биылғы жылдың қазан айынан, келер жылдың сәуір айына дейін толық жеткізілмек.
Айдана Мейрамбайқызы, Айдын Өнербаев, «Алматы» телеарнасы