"Жұлдыз-ай" таланттарды таңдап жатыр

07.04.2017 16:29

"Жұлдыз-ай" таланттарды таңдап жатыр. Еліміздің әр өңірінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған республикалық фестивальге іріктеу басталды. Осымен он екінші рет ұйымдастырылып отырған шара биыл тұңғыш рет Алматыда өтпек. Сондай-ақ, осы жылы фестиваль бағдарламасына спорттық жарыс қосылған.

Алматыдағы Оқушылар сарайына кіл дарынды оқушылар ағылып-ақ жатыр. Мүмкіндігі шектеулі демесең, мың бұралып би билейді. Әнді де әуелете айтады. Енді бірі музыкалық аспаптарды жетік меңгерген. Кембағал балалардың арасында қолөнерге бейімдері де бар. Олар өз туындыларын көпшілікке именбей ұсынуда. Өйткені, әлгі бұйымдар көздің жауын алады. Кіл мықтыдан кім мықтыны - қара қылды қақ жарар қазылар алқасы анықтайды.                                

«Байқауларда бірінші рет отырмын жюрида. Менің ойлағанымнан да асып түсті деп айтуға болады. Өйткені, кішкене мүмкіндігі шектеулі балалар деген кезде біздің ойымызға мүсіркеу келеді ғой ойымызға, аяймыз. Ал бұл жерде балалар жанып тұр екен шыны керек. Бойындағы дарынын, талантын барлығын көрсетуге дайын тұр. Сондықтан көріп қуанып отырмыз негізі»,- деді Қазылар алқасының мүшесі, Қуандық РАХЫМ. 

Қалалық іріктеу турында 300-ден аса бала өз өнерін ортаға салды. Бұл фестивальді сайыскерлер асыға күтеді. Бірі сахна төрінде өнер көрсетуге әбден машықтанған өнерпаздар болса, енді бірі шараға қатысуға бірнеше жыл тыңғылықты дайындалған. 

«Бұл конкурсқа мен бірінші рет емес, бесінші рет қатысып жатырмын. Әрине бұл конкурс өте ауқымды. Қазақстанда «Жұлдыз-айдың» алар орны өте ерекше. Бұл конкурста ең бастысы жеңіс емес әрине. Ең бастысы қатысу. Біз өзімізге көп достар таба білдік»,- деді Фестиваль қатысушысы, Ерхат ТӘЖІБАЕВ. 

Биыл фестивальдің жүлде қоры екі есе 30 миллион теңгеге ұлғайған. Қорытынды концерт 1 маусым күні балалар күні Алматыдағы Республика сарайында өтеді. 

«Шараның мақсаты - мүмкіндігі шектеулі балалардың дарынын анықтап, жеке ерекшеліктерін дамыту және мүгедек балаларға деген қоғамның көзқарасын өзгерту. Ең бастысы, өмірде өз жолын табуына көмектесу»,- деді Қазылар алқасының мүшесі, Гауһар КЕРІМОВА. 

Шараның 11 жылдық тарихында елдің түкпір-түкпірінен 30 мыңнан астам бала қатысып, 7 мыңға жуығы ең танымал сахналарда өнер көрсетті. Ал биыл, 700 үміткердің шығармашылық ерекшеліктерімен қатар, спортқа деген қабілеттеріне мән берілмек.

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы