Бұдан былай Алматыда онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың дертін тез анықтауға болады. Қаладағы педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығына Сауд Арабия Корольдігі гуманитарлық көмек орталығының өкілдері соңғы үлгідегі медициналық құралдарды тарту етті. Сауықтыру орталығына сыйланған 3 аппараттың құны 3,5 млн доллар тұрады. Жаңа магниттік-резонанстық томография, сандық диагностикалық рентген және ультрадыбыс көмегімен бейне сапалы әрі тамаша көрінеді. Сондықтан, зерттеудің барлық түрін жасап, диагнозды дәлме-дәл қоюға болады.
«Бұған дейін басқа құрылғымен жұмыс жасадық, бірақ бұл аппараттың көптеген мүмкіндіктері бар. Магниттік өріс қуаттылығы мұнда айтарлықтай жоғары. Тиісінше, оның ауруды анықтайтын қабілеттілігі жақсы, зерттеу жылдамдығы жоғары. Бұл өте маңызды. Себебі, кішкентай балаларды зерттеу наркозбен жүргізіледі. Тиісінше, біз үшін уақыт өте маңызды»,- деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мрт дәрігері, Мұрат ЕҢСЕПБАЕВ.
Жыл сайын республика бойынша 600-ге жуық балада қатерлі ісік анықталады екен. Осындай диагноз қойылған балалардың өмірін ерте диагностикалау және уақтылы емдеу арқасында сақтап қалуға болады.