Жеңіс күнінде Алматының аудан әкімдері ардагерлерді құттықтады

Жеңіс күнінде Алматының аудан әкімдері ардагерлерді құттықтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Миллиондаған адамның өмірін жалмаған тарихтағы ең сұрапыл, сұм соғыс - Ұлы Отан соғысы. Қаншама қазақстандықты қара жамылдырып, тыныш таңынан айырған сол сұмдықтың нүктесі Берлинде қойылды. Германияның Рейхстаг ғимаратына жеңіс туын қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылы тіккен. Ол отбасымен Алматының Бостандық ауданында тұрыпты.

Жеңістің 72 жылдығын көру бақыты бұйырғанына соғыс ардагері Тәңірберген Айтымбетов шүкіршілік етеді. Бастан кешкен талай қиындығын, әсіресе соғыстың ызғарын әлі күнге ұмыта алар емес. Ол майданға 1942 жылы 18 жасында аттанып, 172 полк құрамында Мәскеуді қорғауға қатысыпты. Ленинград майданында шайқасты. Қазір жасы 93-тен асқан қария елінің амандығын тілеп отыр.

«Осы бізді сыйлап отырған кейінгі жастарымыздың, халқымыздың жасы ұзақ болсын, дендері сау болсын, ондай қиыншылықты ешқашан көрмесін. Ендігі Отанның болашағының иесі осы сіздерсіздер, осы кеткен әкелерінің, апаларының еңбегі ешуақытта сөнбесін»,- деді Ұлы Отан соғысының ардагері, Тәңірберген АЙТЫМБЕТОВ. 

Алатау ауданы әкімдігі Виктор Кашкаровқа да құрмет көрсетті. Жалпы ауданда қазір 25 соғыс және 751 тыл ардагері тұрып жатыр. Олардың барлығына жергілікті билік тарапынан сый-құрмет көрсетілді. Ауданда Жеңіс күнімен қатар, Отан қорғаушылар күні де тойланды.     

Мерейлі күні Әуезов ауданының қарттары да марқайып қалды. Оларға театрландырылған қойылым көрсетіліп, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндер шырқалды. Зарықтыра күткен жеңісті жақындатуға тылда тер төккендер де өлшеусіз үлес қосты. Олар ер жеткесін де, майдан жылдары тұралаған шаруашылықты қайта қалпына келтіруге күш салды. Сұрапыл соғыс басталғанда, Нұрлыбек Есімбековтың небәрі 10 жаста болған. 

«Егін ектік, оны өсірдік. Астық бастырдық. Оны мемлекеттік қоймаға тапсырдық. Ауылымызда барлығы Отан үшін, майдан үшін барлығы жеңіс үшін деп жұмыс жасадық. Кішкене ғана болсақ та, ел әйелдерімен қалыспай, таңның атысы, күннің батысы сол далада жұмыс істедік»,- деді Тыл ардагері, Нұрлыбек ЕСІМБЕКОВ. 

Кеудесі медальға толы бұл ақсақалдың есімі - Бисұлтан Аманғалиев. Ұлы отан соғысының ардагері, белгілі журналист, жазушы соғысқа Сталинград майданынан кіріп, Ұлы Жеңісті Берлинде тойлаған нағыз қазақ батыры. Соғыста бірнеше рет жараланса да, соңына дейін шайқасқан жан. Майдангер сол қиын жылдарды есіне түсіріп, өз замандастарының қатары сиреп бара жатқанына қынжылады. 

«Біз бұл соғыста не көрмедік. Бұл соғыста мен мысалы жаяу әскерде болдым. Танковый әскерде болдым. Авиацияда болдым. Осындай қырғын соғыста үш жерде соғыстым. Үшеуінде де жеңіске жеттік. Ауыр жараландық, бәрін де көрдік. Соның бәрне қарамастан, жеңіп шықтық»,- деді Ұлы отан соғысының ардагері, журналист, жазушы, Бисұлтан АМАНҒАЛИЕВ. 

Бостандық ауданының мектеп оқушылары оларға концерт қойып берді. Оған қоса, 7 мамыр күні Отан қорғаушылар күні бейбіт күннің сарбаздарына арнап, мерекелік шара ұйымдастырды. Алмалы ауданы ерлік істері аңызға айналған батыр апалар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ескерткіші орнатылған саябақта бой көтерген жорық ас үйі бұл күннің маңызын аша түсті. Серуенге шыққан көпшілік ұлық мейрамның басты ас мәзірі - қарақұмықтан жасалған солдат ботқасынан дәм татты.

«Бұл соғыс деген өте қиын, ауыр соғыс болды ғой. Мен 10 жасымнан бастап совхоздың малын бақтым. Қойын бақтым. 13 жасқа келгенде, 7 сыныпты бітіріп, бастауыш классқа мұғалім болдым. Содан бастап еңбек етіп келе жатырмын»,- деді Тыл ардагері, Бекбосын КЕРЕЕВ. 

Жауынгерлердің сол ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Ал, соғыста белуардан қан кешкен қарттар қашан да бағалы.  

Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы     



Новости партнеров