Алматыда бөбекжайға кезекке тұру тәртібі өзгереді

01.03.2017 15:07

Алматыда бөбекжайға кезекке тұру тәртібі өзгермек. Бұдан былай, ата-аналар ешқандай маманның көмегіне жүгінбей-ақ, балаларын үкіметтік портал арқылы тізімге өздері-ақ енгізе алады. Жаңа тәртіп биылғы жылдың маусым айында қолданысқа енбек. Сондай-ақ, жуырда бөбекжай ақысын онлайн тәртіпте төлеуге мүмкіндік туады. Қазір Алматыда 25 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Шаһар әкімдігі осы түйіткілді шешу мақсатында жекеменшік бөбекжайлардың санын көбейтуде.

Зифа Кибирова 2 баланың анасы. Алматыға былтыр көшіп келген. Тұрымтайдай қос ұлын бөбекжайға орналастыру - қиынға соқпапты. Үйіне жақын маңдағы осы орынды таңдаған.      

«Алматыға қоныс аударғанымызда ұлдарымды бөбекжай кезегіне қайта тұрғызуым керек еді. Сөйтіп, жекеменшік балабақша іздедім. Былтыр біз келгенде мына орында да жаңадан ашылып жатты. Ойланбастан балаларымды осы жерге орналастырдым. Өзіме де, ұлдарыма да ңығайлы»,- деді Ата-ана, Зифа КИБИРОВА.

Былтыр ашылған бұл бөбекжайда ұзын-ырғасы 70 бала тәрибиеленіп жатыр. Оның 30 "Балапан" бағдарламасы арқылы мемлекеттен қолдау тапқан. Соның арқасында, әрбір ата-ана бір балаға ай сайын 30 мың теңге төлейді. Қалғаны үкімет есебінен қаржыландырылады.           

"Балапан" бағдарламасы өте тиімді. Ата-аналарға да, өзіміздің педагогтарға да. Балабақшамызда әртүрлі үйірмелер жұмыс жасайды қазір»,- деді Тәрбиеші, Роза ОРАЗИЕВА.

Мұнда балалалар биге машықтарын шыңдайды. Ән айтып, домбыра шертуге үйренеді. Одан қалды, ағылшын тілін де терең меңгеруде. Енді бірі - сурет салғанды ұнатады. Бүлдіршіндер 5 уақыт тамақтанады. Ал, бөбекжай іші толықтай бенебақылау камераларымен жабдықталған.

Былтыр Алматыда 175 бөбекжай ашылған екен. Дені - кәсіпкерлердің ықтиярымен қолданысқа берілген. Биыл да мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны көбеймек. Айталық, келер аптада мына орын да бүлдіршіндерге есігін айқара ашады. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Қазір бізде кезек күткен 42 бала бар. Сондықтан, осы ауданнан екінші балабақша ашуды ұйғардық.Келер аптада қолданысқа береміз. Ал қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қажетті жиһаздарды алып қойдық»,- деді Кәсіпкер, Самал ЖҰМАБЕКОВА.   

Қазір Алматыда 25 мыңға жетеғабыл  бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Олардың көбі іргелес өңірден келгендер. Ал, осы жылдың маусым айынан бастап балаларды бөбекжай кезегіне тұрғызу тәртібі өзгереді. Енді ата-аналардың өздері, ешқандай маманның көмегіне жүгінбей-ақ, балаларын кезекке тұрғыза алады. Бұл жаңашылдық үкіметтік портал арқылы жүзеге асады.  

«Елімізде электронды кезек алғаш рет 2012 жылы Алматыда енгізілген. Биылдан бастап, сол жүйеге жаңашылдық енбек. Алдағы маусым айынан бастап ата-аналар өз балаларына бөбекжайға берілетін жолдаманы электронды түрде ала алады. Одан бөлек, балабақша ақысын онлайн тәртіпте төлеуге мүмкіндік туады. Бұл қағазбастылықтан арылтып, парақорлықты жоюға ықпалдасады»,- деді Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы, Әлия САҒИЕВА.               

Биыл Алматыда 1500 орынға шақталған 7 бірдей балабақша салынбақ. Бұл - кезекте тұрған балалардың санын азайтуға септеседі. Одан өзге, тұрғын үй кешендерін салатын кәсіпкерлер өз аумақтарында қосымша мектепке дейінгі білім беру мекемелерін ашпақ. Олардың көбі қала меншігіне өтеді.

Дастан Сейілханұлы, Қанат Кигізбаев, "Алматы" телеарнасы