Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері алғашқы медициналық көмек көрсетіп үйренуде. Бүгіннің өзінде 200-ге жуық жүргізуші Алматы қалалық оқу-клиникалық орталығының куәлігін алған. Олар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар алып, білімін тәжірибе жүзінде іске асыруда. Бұл әсіресе көлік жүргізушілеріне аса қажет. Себебі олар алғашқы медициналық көмек көрсетуді еркін меңгеруі тиіс.
Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Қуатбек Байболов 2015 жылдың қысында көмекке зәру жанның өмірін арашалап қалған. Дәрігерлер келгенше, оған шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ол кез келген жүргізушінің медициналық хабары болуы қажет деген пікірде.
«Шақыртуға барған кезде, дәрігерлер кіріп кеткеннен кейін, маскүнем адам жатыр екен. Мені шақырып, көмек керек деді. Сол кісіге көмектескенмін. Қасына бардым, ешқандай дыбыс бермеді, тексердім, жүрек қағысын көрдім, пульс, тынысын, кішкене жүрегіне көмек жасап едім, тұрып маған сөйлеп кетті. Көп нәрсені үйрендік, үйреніп жатырмыз. Әр адамның жеке басына керек нәрсе деп ойлаймын», - деді көлік жүргізуші Қуатбек БАЙБОЛОВ.
Оқу-клиникалық орталығынан көлік жүргізушілерінен бөлек, еліміздегі ірі компаниялардың мамандары дәріс алады. Мәселен, әуе компаниясының мыңға жуық борт-серігі мен мемлекеттік күзет мекемесінің қызметкерлері арнайы куәлік алған.
«Ең бастысы, жүрек, өкпе реанимациясын қалай жасау керек, қансырау, қанды қалай тоқтату керек екендігін үйретеміз. Бізде бәрі тәжірибеге бекітілген. Алғашқы дәрігерлік көмекті білу- тек көлік жүргізушілерінің ғана емес, әрбір азаматтың парызы. Мұндай жағдайға әркімнің түсуі мүмкін. Жақының болсын, бөтен адам болсын, сол кезде көмек көрсетсең, сен біреудің өмірін сақтап қаласың», - деді Алматы қаласы оқу-клиникалық орталығы директорының оқу жөніндегі орынбасары Айгүл ДОСМАИЛОВА.
2009 жылы еліміздің халық денсаулығы және денсаулық жүйесі заңа сәйкес міндетті түрде оқудан өтетін қызметкерлердің тізімі бекітілген. Олардың қатарына, бірінші кезекте, көлік жүргізушілері, өрт сөндіру, ішкі істер бөлімдерінің және аса қауіпті өндіріс орындарының қызметкерлері кіреді. Бұл міндет, сондай-ақ медициналық ұйымдарының медициналық білімі жоқ қызметкерлеріне де жүктеледі.
«Бұндай оқуларға тек міндетті түрде жүктеп, жұмыс орындарына ғана емес, әрбір жанұя, әрбір ана кішкентай нәрестесі қақалып қалғанда, дұрыс көмек көрсете алмағандығынан, қаншама нәрестелер қайтыс болып жатыр. Соны ана да үйренсе», - деді Алматы қаласы оқу-клиникалық орталығы директорының оқу жөніндегі орынбасары Айгүл ДОСМАИЛОВА.
Медициналық білімі жоқ тұлғаларды дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша даярлауды Алматы қаласы мамандандырылған автотранспорттық мекемесі де қолға алған. Мұндағы 750 көлік жүргізушісінің 200-ден астамы бүгін оқу-жаттығу курстарынан өтіп үлгеріпті.
«Жедел жәрдем көлік жүргізушілері парамедиктердің курсынан өтуде. Ол бұрынғыдан да жоғары сапалы деңгей. Мұндай дәрістер жедел жәрдем бригадасының жұмыла, тиімді қызмет атқаруына септігін тигізеді», - деді Алматы қаласы мамандандырылған көлік мекемесінің пайдалану бойынша бөлімінің басшысы Андрей ДРАГОЙ.
Алматы қалалық оқу-клиникалық орталығының мамандары медициналық дайындығы жоқ азаматтарға мұндай курстарды жылына 2-3 рет өткізеді. Олар алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуді әрбір адам үйрену қажет дейді мамандар.
Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы