Алматыда экс-судья ақталып шықты. Баспанасы үшін бақилық болған анаға қатысты іске нүкте қойылды. Сот шешімінен ши шықты деп айыпталған экс-судьяны кінәсіз деп тапты. Ал марқұм Светлана Тұрғанбаеваның отбасы Өмірзақ Серімовке шыққан шешімге көңілдері толмады. Сот залынан келген тілші Жадыра Омаржан ары қарай жалғастырсын.
Бас-аяғы 5 жылға созылған бұл іске соңғы нүкте қойылды. Шешімді тыңдауға Алатау аудандық сотының экс-судьясы Өмірзақ Серімов басқалардан ерте келді. Есте болса, мемлекеттік айыптаушы оны төрт жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Дегенмен, бұрынғы әріптесіне қатысты істі қараған судья Фаррух Омар оны кінәсіз деп тауыпты. Ол әділ шешім шығармады деп айыпталған экс-судьяның әрекетінде қылмыстың құрамы жоқ деп әбден ақтады.
«Серімов үй иесі Мыңбаевадан қандай да бір сыйақы алмаған. Олардың екеуара келіспегені анықталды. Осыдан оның қызметін асыра пайдаланбаған болып есептеледі. Сот Серімовке қатысты айыпты алып тастау туралы шешімге келді. Оның әрекетінде қылмыстық заң бұзушылықтың болмағанын дәйек ретінде келтіреді. Сот Серімов Өмірзақты кінәсіз деп тапты. Кепілмен бостандықта жүруі тоқтатылып, қалалық соттың шотындағы 1 млн 134 теңге Серімовке қайтарылсын»,- деді № 2 Медеу аудандық сотының судьясы, Фаррух ОМАР.
Әу бастан-ақ осындай шешімді күттік деген экс-судья мен оның қорғаушысы шын қуанды. Өйткені, Светлана Тұрғанбаеваны өзін-өзі өртеуге мен итермелемедім деп міз бақпай отыр. Себебі, ақ пен қара ажыратудағы еңбек өтілім 18 жыл деп кеудесін керді.
«Басынан бастап осы туралы талап тілек білдіргем. Енді сол талап-тілек қанағаттандырды. Менің ойымша, судья осы барлық сот процесттерінде болған, сұралған куәлердің, жәбірленушілердің басқа зерттелген құжаттардың барлығына заңды түрде баға беріп, шешім қабылдады»,- деді Қорғаушы, Байназар ДАЙРАБАЕВ.
Өмірзақ Серімов бір іске екі түрлі шешім шығарып, оның кесірі Светлана Тұрғанбаеваның отбасына тиген болатын. Есте болса, бұл оқиға 2010-шы жылы орын алған еді. Алматылық отбасы тірнектеп жинаған ақшасына баспана сатып алады. Бірақ ол кезде 100 шаршы метр үйдің екі мұрагер арасында таласқа түсіп жатқанын білмеген. Ал, Алатау ауданы сотының бұрынғы судьясы Серімов тараптарды тыңдамастан, алдын-ала шешім шығарып тастаған. Осыдан кейін сот орындаушылары келіп, түк кінәсі жоқ отбасына талай рет келіп, үйді босатуды талап еткен болатын. Әділдік таппай шырылдаған келіншек тура баспананың табалдырығында өзін өзі өртеп жіберді. Елімізде әділ сот жоқ деп Айнұр Омарбаеваны қолдауға келген қоғамдық ұйым да үкімге келіспеді.
Мұндай шешімге марқұм Светлана Тұрғанбаеваның балалары да келіспейді. Өйткені, Медеу ауданының соты әділетсіз шешім шығарды дейді. Анасының өліміне экс-судьяның кінәсі бар деген Айнұр Омарбаева Өмірзақ Серімовке ең құрымағанда шартты жаза кесілуі керек еді деп жылап отыр.
«Мен судьядан әділеттілік күткем. Бірінші сотта әділетті болсын деп оған айтқам. Бірақ енді ондай осындай таза боп шығатынын менде, ешкімде ойлаған жоқ. Менің анамды маған ешкім қайтара алмайды. Әділетті болды деп айта алмаймын»,- деді Зардап шегуші, Айнұр ОМАРБАЕВА.
Сот бұл жолы да әділ шешім шығармады деген марқұм Светлана Тұрғанбаеваның шырылдаған 5 баласы аппеляцияға бермек. Егер одан да іс өнбесе жоғарғы сотқа дейін барады.