Алматылық имамдар халықты жұмыспен қамтудың қамын ойлап жүр

Алматылық имамдар халықты жұмыспен қамтудың қамын ойлап жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық имамдар халықты жұмыспен қамтудың қамын ойлап жүр. Қаладағы Орталық мешітте жұмыс жәрмеңкесі өтті. 75-тен астам түрлі саланың кәсіпорындары жұртқа 1000-нан аса бос жұмыс орнын ұсынды. Аталған игі шара қаладағы «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған.

Ербол Кемелбаев ойда жоқта жұмысында қысқартуға іліккен. Біраз уақыттан бері екі қолға бір күрек таппай қиналыпты. Бірақ жәрмеңкеде әп-сәтте көңілінен шығатын жұмысты жолықтырды. Тіпті біраз жақсы ұсынастар түскенін де қуана айтып отыр. Мамандығы инженер 30 жастағы жігіттің ендігі арманы білімін ары қарай жетілдіру.

«Менің тек қана айтатыным осы жәрмеңке ұдайы мысалы айына үш рет, төрт рет апта сайын өткізсе халықтың арасында нұр үстіне нұр болатын еді. 3-4 компаниядан ұсыныс түсіп жатыр. Соларды қарап жатырмын», - деді қала тұрғыны Ербол КЕМЕЛБАЕВ.

Жұрт асыға күткен жәрмеңкенің мешіт жанында өткізілуі бекер емес. Өйткені, жұма күні мұнда халық қарақұрым жиналады. Олардың арасында жұмыс іздеп жүрген жастар жетерлік. Оның үстіне, 2017 жыл Алматыда «Жастар жылы» деп жарияланды.

«Бұл жастарымызға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған шара. Алматы қаласының әкімшілігінде жиын өтіп осындай ұсыныс білдіргенде біз қуандық. Неге десеңіз? Алматы қаласының мешіттері 48 мешіт бар. Оның негізгі келушілерінің негізгі бөлігі жастар көбіне», - деді Орталық мешіттің бас имамы Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ.

Игі шараға 75 компания қатысты. Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, қазір қалада дәрігерлер, кеңсе менеджерлері, аспаздар мен аула сыпырушылар және шаштараздар тапшы. Жыл басынан бері орталықтың көмегімен 300-ге жуық адам жұмысқа орналасқан. Тағы 3200-і жұмыссыздар тізімінде тұр. Оларға жұмыс табылмаса, мамандар басқа да жолдарды қарастыруға көмектеседі.

«Қазір оқу курстары басталды. Кешегі таңның өзінде біз 3 топты бекітіп, қазір оларда оқу басталды. Мынау іс тігіншілерді, аспазшыларды, сонымен қатар, бухгалтерлерді отырғыздық. Бұл жұмыс әлі ары қарай жалғасын таба береді», - деді қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» басшысының орынбасары Керімқұл ЖЕКЕТАЕВ.

Қазіргі таңда жастар саясатын дамыту аясында «Жастарды қолдаудың Алматы-2020 жол картасы» бағдарламасы әзірленіп жатыр. Жоспарға сәйкес студенттер мен жастарды қолдау мақсатында көптеген ірі жобалар жүзеге асуы мүмкін. Оның дәлелі «Жасыл ел» бағдарламасы. Өткен жылы 7 мың студент жұмыспен қамтылған.

Халықты жұмыспен қамтитын мамандар дәл осындай жәрмеңкені қаладағы мешіттердің жанында жұма сайын өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы аптада қаладағы ірілерінде кейін барлығында кезең кезеңімен жүзеге асатын болады. Имамдар да мұндай игі іске ат салысамыз деп отыр.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров