Алматы көшелеріндегі ағаштарға зиян келтіргендер жауапқа тартылды

08.08.2018 22:30

Алматыда жасыл желекке зиян келтірген қос мердігер мекеме жауапқа тартылды. Қоғам белсенділері заң бұзушылықты Абай, Абылай хан және Назарбаев даңғылдарындағы құрылысты бақылау кезінде анықтапты. Ал бірнеше мердігер ұйымдарға ескертулер жасалды. Егер олар ағашты түбімен отап тастайтын болса, орнына 50 тал егуге міндеттеледі.

«Жөнделіп жатқан аумақтарда, жолдар бойында инженерлік желілер өтеді. Ал жол бойындағы ағаштар 1940-шы, 50-ші, тіпті 60-шы жылдардан бері өсіп тұр. Ондай аумақтарда жоба бойынша негізінен ауыр техникасыз, қолмен орындалатын жұмыстар жүріп жатыр. Кабель жүргізілетін болса да, міндетті түрде жұмысты қара күшпен орындау керек екені жөнінде алдын-ала ұйғарым шығарылды. Осы ескерту орындалмаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынды», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Олжас ЖАНЫСПАЕВ.

Ал ағаштарды жөн-жосықсыз отап тастайтындардан қорғау үшін қыркүйек айында жасыл-желекті баптау және қорғау бойынша ережелер бекітіледі. Қазір жоба талқыланып жатыр.

Қоғамдық кеңеске жиналған белсенділер жөндеу барысында ағаштарды арнайы құрылғымен қорғау керек екенін баса айтты. Сондай-ақ, арықтарды бітемей және жасыл желектің жағдайын анықтайтын лазерлі аппарат алу қажеттігі де сөз болды.