Алматыда топ болып ұрлық жасаған әуежай қызметкерлері қолға түсті

07.02.2017 14:55

Алматыда топ болып ұрлық жасаған әуежай қызметкерлері қолға түсті. Олар транзиттік рейс жолаушыларының жүктерін тінтіп, бағалы заттарын қолды қылып отырған. Сұғанақтар тіпті шетелдіктердің қап түбіне жасырған қомақты ақшасын да ұрлапты. Қазір мұндай әрекетке барғандар қолға түсіп, тергеуге алынды.

Желілілік полиция өкілдері 1,5 жылдан бері әуежайда жүк тиеуші болып істеп, алайда жұмысын пайдаланып жолаушылардың құнды бұйымдарын жымқырған қос күдіктіні қолға түсірді. Белгілі болғандай, олар былтырғы жылдың 25 желтоқсанында Ақтөбе-Алматы-Киев бағытындағы транзиттік рейстен жолаушының қорабы ашылмаған су жаңа айфон 7 маркілі ұялы телефоны мен алтыннан жасалған әшекей бұйымдарын қолды еткен.

«Заттарымның жоғалғанын Киевке барғанда байқадым. Ешкімге шағымданбай жылы күйінде жабамын деп ойлағанмын, бірақ қайтадан Қазақстанға транзитпен ұшып келгенімде менің жүгімді Астанада ақтарып тастағанын білдім. Бұл менің ашуымды келтірді. Осылайша Киевке ұшпас бұрын, 2 сағат Алматыда аялдағанда әуежайдың полициясына арыздандым. Тәртіп сақшылары дереу іске кірісіп, 1 апта өткесін жоғалған заттарым мен ұрлықшыларды тапты», - деді жәбірленуші Әуез ТӨЛЕГЕНОВ.

Жәбірленуші тәртіп сақшыларына 28 қаңтарда шағымданған. Полицейлер бірден телефонның имей коды арқылы іздеу салып, тексеріс ұйымдастырған. Көп ұзамай құнды телефонды пайдаланып жүрген өзге азаматты анықтапты. Белгілі болғандай, ол сауда байланыс құралын сауда ортылқатарының бірінен сатып алған. Қазір әуежайда ұрлық-қарлық жасасқан  қызметкерлермен ол саудагерлердің қандай да байланысы бары тексеріліп жатыр.

«Жоғарыда аталған деректер бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер өз кінәларын мойындап отыр. Қазір олардың тағы да осы іспетті қылмыстарға қатысы бар ма сол анықталуда. Сондай-ақ Душанбеден транзитпен ұшып келген тағы бір шетел азаматы арызданды. Қос күдікті оның да 3000 АҚШ доллларын ұрлағанын мойындады», - деді Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімі, тергеу бөлімінің басшысы Ғабит АРҒЫМБАЕВ.

Қазір әуежайдың сұғанақ қызметкерлеріне қатысты 188 баптың 2 тармағы, яғни топ болып ұйымдасқан ұрлық дерегі бойынша Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кетті. Ал, қос күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.  Тәртіп сақшыларының дерегінше, ұрлық жасаған топтың құрамы әлі де көп болуы мүмкін. Полицейлер олардың тағы үшеуін анықтапты және көп ұзамай қолға түсірмек.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Теги: воровство