Алматыда психикалық ауытқулары бар науқастарды қоғамға бейімдеу үшін орталықтар ашылуда

15.01.2018 21:24

Алматыда психикалық ауытқулары бар науқастар қоғамға бейімдеу үшін арнайы орталықтар ашылып жатыр. Қазір 700-ге жуық науқас қаладағы №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында емделіп жүр. Зерттеу барысында бұл жандардың 30 пайызы еңбекке жарамды екені анықталған.

Денсаулығында кінәраты болғанымен, өз бетінше нәпақасын тапқысы келетіндердің бірі - Екатерина Воронина. Ол көздің жауын алатын түрлі бұйымдарды жасаудың хас шебері. Мәселен, үлкен төзіміділікті қажет ететін мына шұлық та өз қолынан шыққан. Ал тапсырыс бойынша орамал тоқып, еңбек етеді.  

«Мен тоқуды бұған дейін де білетінмін. Шеберлігімді мүмкіндігі шектеулі жандардың өз бетімен өмір сүруі үшін ашылған орталықта шыңдадым. Бұл жер маған өте ұнайды. Мұнда біз өзімізді еркін сезінеміз», - деді  Екатерина ВОРОНИНА.

Бір ай бұрын ашылған бейімдеу орталығында Екатеринамен қоса, тағы да 10 азамат бар. Барлығы бұған дейін қаладағы №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында күн кешіп келген. Өткен жылы әлеуметтік қызметкерлер, мүгедектер және еріктілер қауымдастығы арнайы зерттеу жүргізіпті. Нәтижесінде, мұндағы ақыл-есінде аздап қана  ауытқуы бар науқастардың 30 пайызы еңбекке жарамды екенін анықтаған. Енді оларды қоғамға бейімдеу мақсатында арнайы орындар ашылуда. Онда науқастарға психолог, дәрігерлер көмек көрсетеді.

«Қазір алдымызда жоспарларымыз бар. Жұмысқа жұмыспен қамту орталығы арқылы бұларды курстар арқылы кейбіреуін оқытып, жұмысқа баулып, өз бетінше жұмыс істеп, қалада жұмысын істеп келеді де, сосын кешкісін осында келіп, өз беттерінше тұрып, өмірге бейімдейді», - деді мүмкіндігі шектеулі жандардың өз бетімен өмір сүру үйінің меңгерушісі Өміржан ӘБІЛҚАСЫМОВ.

Орталық негізінен 20 адамға шақталған. Жуырда тағы 10 азамат қоныстанады. Оларға қойылған диагноз да әр түрлі.  Жарым жанның бірі -шизофрения, тағы бірі-эпилепсия, ал кейбірі  ақыл-ойдың кемістігі дертіне шалдыққан. Орталықтың табалдырығын алғаш болып аттағандардың бірі- Разақ Әбішев.

«Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 13 жылға жуық тұрдым. Онда көп нәрсеге шектеу қойылатын. Бұл жерде өз үйіңде жүргендей сезінесің. Тіпті жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасалады», - деді Разақ ӘБІШЕВ.

Жаңа мекемеде азаматтар үшін жасалатын көмек көп. Бастысы, мұнда олар өз бетінше өмір сүруге бейімделеді. Айта кетейік, Алматыда дәл осындай  тағы бір орталықтың құрылысы басталды. Нысан жазда пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы