Сирия қақтығысын реттеу жөніндегі Астана процесінің жетінші кезеңі аяқталды

02.11.2017 21:13

Сирия қақтығысын реттеу жөніндегі Астана процесінің жетінші кезеңі аяқталды. Бұл жолы халықаралық топ осы айда Ресейдің Сочи қаласында Ұлттық диалогтың сирияаралық конгресін өткізуге уағдаласты. Дегенмен, тараптар тұтқынға түскендер мәселесімен шұғылданатын жұмыс тобының ережесіне қатысты бір байламға келе алмады. Келіссөздер түн ортасы ауа аяқталғанын да айтқан жөн. Ал, дәл осы уақытта Дамаск 49 ауыржүк көліктерінен тұратын әлеуметтік көмекті алғандығы белгілі болды.

Сирия қақтығысын реттеу жөніндегі Астана процесінің 7-ші  раунды түн жамыла бірақ бітті. Халықаралық делегация, дәлірек айтсақ, келіссөздерге кепіл елдер, Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдері, оппозиция жабық есік артында ортаға салған мәселені ұзақ уақыт талқылады. Ал, тілшілілер болса, мәселенің немен аяқталатынын тағатсыз күтуге мәжбүр болды. Кепіл елдер - Ресей, Иран, Түркия, Сирияда деэскалация аумағын құру туралы меморандумның қабылданғанына 6 ай уақыт өткеннен кейінгі жағдай біраз жақсарды деді.

«Сұрақтар өте маңызды, көкейкесті. Ең алдымен деэскалация жайына тоқталар болсақ, қазір оған көңіліміз толады. Мысалы, Шығыс Гута аймағы, елдің Оңтүстік жағында атыстар тоқтады. Дегенмен, әлі шешетін мәселелер бар. Өйткені, ұрыстар әлі болып тұрады»,- деді РФ Делегациясының жетекшісі, Александр ЛАВРЕНТЬЕВ.

Ұлттық диалогтың сирияаралық конгресі. Бұл да айта кетер дүние. Біріккен Ұлттар ұйымының аясында ұйымдастырылатын конгресс Қара теңіз жағасында, яғни Ресейдің Сочи қаласында, 18 -ші қарашаға белгіленді. Тараптарды күтіп алатын елдің Сыртқы саясат өкілдері шақыртылған 33 ұйымның толықтай тізімі бар деді. Негізінде бұған дейін жиынды Сирияның өзінде өткізу нұсқасы қаралған болатын. Дегенмен, ол аймақ қауіпті болғандықтан, Сочиде өтетін болды.

«Біз кездесуді қай жерде өткізу туралы көп ойландық. Көптеген шешімдер ойға келді. Ең алдымен біз сириялық шиеленісті дәл сол Сирияда өткізгіміз келді. Алайда, ондағы ахуал, жағдайды, қауіпті деңгейді көріп, конгресті Ресей Федерациясының аймағында жасауды жөн көрдік»,- деді РФ Делегациясының жетекшісі, Александр ЛАВРЕНТЬЕВ.

Халықаралық кездесуге жиналғандар тұтқындарды босату, қайтыс болғандардың мүрдесін қайтару, жоғалып кеткендерді іздеумен айналысатын жұмыс тобының ережесіне, іс-қимылы турасында ортақ мәмілеге келе алмады. Ал, кепіл елдер бұл мәселені ұзаққа созбай, бірден шешуге шақырды. 

«Женева процесінің аясында Сочиде өтетін Ұлттық диалогтың сирияаралық конгресінде кепіл елдер маңызды мселелерді талқыға салуды қолдап отыр. Оның ішінде аса маңыздысы - тараптардың өзара қарым-қатынасын реттеу. Одан соң, тұтқынға түскендерді босату, қайтыс болғандарың мүрдесін қайтару және жоғалып кеткендерді іздестіру тобының жұмыс ережесін реттеуде конгресте қолға алынбақ»,- деді ҚР Сыртқы істер министрі, Қайрат АБДРАХМАНОВ.

Астанадағы Сирия шиеленісіне қатысты келесі келіссөздер осы жылдың желтоқсан айына белгіленді. Ал, кеше Дамаскке маусымнан бері бірінші рет көмек жеткізілді.  Қол ұшын созған Біріккен Ұлттар ұйымы мен сириялық Қызыл жарты ай ұйымы. Елдегі гуманитарлық ахуал алаңдатарлық, азық-түлік тапшылығы бар. Ал төрт мыңдай сириялық медицинлық көмекке зәру.

Нұржан Сәдірбай, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан