Елордада пайдакүнем борышкерлер орталық су жүйесінен ажыратылуда

06.04.2017 15:03

Судың да сұрауы бар. Елордада пайдакүнем борышкерлерді орталық су жүйесінен ажырату жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының назарына қоғамдық тамақтану орындары, көлік жуу орталықтары мен әкімшілік ғимараттар түсті. Оларға осыдан 10 күн бұрын ескерту жасалған. Бірақ тегін суға қарық болам деген пиғылдары тас талқан болды.

Бұл инспектор Күлше Сайфуллинаның күнделікті жұмысына айналып кеткен. Ол борышкерлерге ескерту жасап, қажет болса орталық су жүйесінен ажыратады. Сот орындаушысы болмаса да, пайдакүнем борышкерлер оны жақсы таниды. Әдеттегі жұмысына кіріскен қызметкер бірнеше нысанның құбырларын бұғаттап, кәріз жүйелерін бітеді.

«Акті бергеннен кейін, біздің «Астана су арнасына» барып, қарыздарын төлейді. Көбінесе бірден төлейді. Төлемегендерді қайтадан келіп, құбырларын кесіп тастаймыз», - деді «Астана су арнасы» МКК маманы Күлше САЙФУЛЛИНА.

Бұл шара елордада арнайы акция аясында өткізіліп жатыр. Мемлекеттік комуналдық кәсіпорынмен келісімшартқа отырмаған заңды немесе жеке тұлғаға ескерту жасалады алдымен. Ал 3 ай көлемінде талапты орындамаса, ісі сотта қаралады. Қомақты айыппұл арқалайды. Оның шешімі біреу. Қарызын өтеп, келісім шартқа отырса болғаны, тіршілік көзімен қайта қамтамасыз етіледі. Ең өкініштісі сол мұндай жағдай жиі қайталанатын көрінеді.

«Көбіне борышкерлер, ғимарат қожайындары, бізбен байланысқа шықпай, бұқпантайлап жүреді.Сол жағынан қиындықтар туындап жатады. Және рұқсатсыз су жүйесіне қосылып алатын жағдайлар жиі қайталануда. Осындай тексерістердің арқасында оларды анықтаймыз.», - деді «Астана су арнасы» МКК баспасөз қызметінің жетекшісі Назгүл ТӘЛІПОВА.

Елорда бойынша орталық су жүйесіне берешегі бар заңды тұлғалар 1500, ал жеке тұлғалар 219 мыңды құрап отыр қазір. Жауаптылар мұндай тексеріс жұмыстары берешегін өтемейінше жиі ұйымдастырылады деп отыр. Өйткені заң барлығына ортақ.

Азамат Әуезхан, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан