«Бес әлеуметтік бастама» іске асуы үшін ел қазынасынан 2 триллион 600 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Астанада 1500-ден артық қатысушы бас қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-шы сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Президент 100-ден аса түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ отанына айналған Қазақстанда әрбір отбасыны баспаналы ету жағдайын да қозғады.
Ассамблея бұл жолы «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген тақырып аясында өтті. Кезекті 26-шы сессияға өңірлерден 1500-ден артық адам қатысты. Елбасы жиын басында өзі жариялаған құжат - «Бес әлеуметтік бастамаға» тоқталды. Ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді деген ол бұл жұмыстар үшін мемлекет бюджетінен 2 триллион теңгеден артық қаржы жұмсалатынын жасырмады. Бірақ жалпыұлттық бастамаға кететін шығын болашаққа деген салым деп түсіндірді.
«Бірден айтарым, бұл мемлекет үшін арзанға түсіп отырған жоқ. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін 2 трлн 600 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл аса қомақты қаражат. Бұл - біздің азаматтарға және болашаққа салынған салым. Біз азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін осыншама қаражатты жинай алдық. Біздің халық осыны лайықты бағалайды деген үміттемін», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
«Әлеуметтік бес бастамадан» кейін мемлекет басшысы қазақстандықтардың баспаналы болу жайына ауысты. «7-20-25» бағдарламасы қалай іске асып жатқандығымен таныстыруға шыққан Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев пәтерлер тек баспанасы жоқ адамдарға беріледі деді. Ал Президент болса, жеке шаршы метрді алу жолдарының қарапайым халық үшін түсінікті болуын меңзеп, пәтер қай өңірде сатылса да, бағасы қолжетімді болуын қатаң тапсырды.
«Тұрғын үйдің шекті құны белгіленетін болады. Мысалы, Астана, Алматы, Ақтау мен Атырау секілді қалаларда тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 25 млн теңгені құраса, басқа өңірлерде бұл шама 15 млн теңге шегінде болады. Мұндай шектеулер баспана бағасының шарықтап кетуіне жол бермейді», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.
«Басқа қалаларда, тіпті, басқаша жағдай. Сондықтан құрылыс жүргізушілерден бұл көлемді арзандатуды талап етуіміз керек. Міне, осы тұста қандай жеңілдіктер жасалатынын, қандай мүмкіндіктер бар екенін түсіндіру керек. Біз, бірінші, баспана дегенде алдымен жас отбасы жайлы айтамыз. Міне, сондықтан солар көбірек алсын. Әрине, басқалары үшін қолжетімді болуы керек»», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Президент биыл 20 жылдығын атап өтетін Астана әкімдігі мен ойын-тойға жауапты министрлікке қажетсіз шараларға қаражат жұмсамай, маңызды, салмақты етіп өткізу керектігін тапсырды. Сонымен қатар, жиында қалалану мәселесі айтылды. Болжамдар бойынша, 2030 жылға Елорда халқының саны екі миллионға жетсе, Алматыдағы тұрғындар саны - 3 миллионға, Шымкент - ресми түрде «миллион адамы» бар мекенге айналмақ. «Ассамблея-татулық кепілі» деген Президент жылда аталмыш шара өтетін ғимаратты, яғни, Бейбітшілік және келісім сарайын Достық үйіне айналдырып, 100-ден астам ұлт пен ұлысқа ұйытқы болып отырған мекемеге беру туралы ұсыныс жасады. Енді ол барлық өңірлердегі осындай шағын «Достық үйлердің» басын біріктіретін болады.