Астанада киіз үйді күнелткен отбасы қысқа таяу жаңа үйге көшуі мүмкін

27.07.2017 15:54

Астанада қайғыға ортақтасқан жандар табылды. Қала маңында киіз үйді күнелткен отбасы қысқа таяу жаңа үйге көшуі мүмкін. Осыдан біраз уақыт бұрын біздің арна тілшілері бір күнде баспанасыз қалған Бекболатовтар әулетінің жағдайын эфирден көрсеткен еді. Көп ұзамай, жағдайы жұтаң жандарға қол ұшын созар ұйым да табылыпты. Десе де, үйді толық бітіру үшін, алдағы уақытта  жұмыс күші мен құрылыс материалдары қажет екен. Назым Мәлікқызы анығын айтсын.

Бекболатовтар әулеті 15 жыл тұрған мына үйлерінің қаңқасын бұзуға көшкен. Себебі, отбасы қысқа дейін жаңа баспанаға көшуді жоспарлап отыр. Үміт отын жаққан қамқор азаматта табылыпты. Оған үй ұйытқысының тынымсыз ізденісі себепкер болған. Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегінен бөлек, Раушан Иманғалиева әлеуметтік желіні де қолданыпты.

«Адамдарда звондай бастады, сұрақтар қойды. Сосын Көңілбай деген кісі адресін іздеп тырыстым әкімшіліктен, бірақ іздеп таба алмадық.Кейіннен фейсбуктан іздеп тауып xабарласып едім нөмірін беріп xабарласып сөйлестім. Ол акиматпен сойлесіп кездесті өздері, сосын кеше маған келді. Жағдайымызды көріп, бүгінге жерді көтеру керек екендігін, үйді бұзу керек екенін айтты»,- деді Көп балалы ана, Раушан ИМАНҒАЛИЕВА.

Киіз үйді күнелткен отбасы, жаңа бой көтеретін үй  дәл осы жерде  салынса деген үмітте. Себебі, әулет үшін бұл қара шаңырақ. Киелі орын. Жәрдемдесетін қоғамдық қор жұмыстың бастамасына қол ұшын созбақ. Тамыз айының басында, үй сүрілгеннен кейін құрылыс жұмыстары қолға алынады.

«Үй салынғанда бірінші жұмыс жерін көтеру керек, содан кейін ірге тасы қалануы керек»,- деді «Асыл адам » қоғамдық қорының басшысы, Көңілбай ШҮКЕНОВ.

Десе де, бұл жағдайда әттеген-ай жоқ емес. Қоғамдық қор басшысының  әзірге тұтастай үйді салып беруге қаржысы жеткіліксіз екен. Құр іргетасының өзіне  миллионнан астам қаржы кетпек. Ұйым бүгінгі таңда тек бұл отбасына ғана емес, топан судан зардап шеккен шалғайдағы азаматтарға көмектесіп келеді.

«Біздің қазір қордың бастапқы көмегі осы жерден тоқтайды. Қаражатымыз осыған қана жетеді. Өйткені, біздің қор басқа да осындай судан зардап шеккен отбасыларға үй салып жатырмыз»,- деді «Асыл адам » қоғамдық қорының басшысы, Көңілбай ШҮКЕНОВ.

Үмітсіз шайтан. Әулет осы қадамдардың өзіне разы. Алдағы уақытта, үйді бітіруге жәрдемдесетін адамдардың табылатынына сенімдері мол. Өйткені, жергілікті әкімшілік құрал - сайман, қажетті техникамен қамтамасыз етуге, қоғамдық қор құрамындағы еріктілер құрылыс жұмысына қол ұшын беруге келісімін беріпті.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеранасы, Астанадан