Елімізде «IT» саласындағы ең үздік жобаларға тегін көмек көрсету бағдарламасы ашылды. «Экспо» Халықаралық көрме аумағында «GARAG» инкубациялық стартап жобасы ұйымдастырылып, 23-ке жуық өнертапқыш өз идеясын ұсынды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жаңа бастамада-кәсіби мамандар тегін көмек көрсетіп, инвестиция тартуға септеспек.
Дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін, инновациялық технологияларды дамытудан қалыс қалмауымыз тиіс. Бұл Елбасы жолдауында да нақты көрсетілген. «Экспо» көрмесі кешенінде, «Астана Хаб» IT-стартап технология паркі алғаш рет, жас дарындарға тегін көмек көрсетіп, жол сілтейтін «Гараж» инкубациялық стартап бағдарламасының тұсауын кесті. Мұнда еліміздің талантты өнертапқыштары түрлі идеяларын ала келген. Оның ішінде қарапайым халық игілігіне арналған бағыттар басым екен. Мысалы, Қарағандылық Айдар Садыров ұсынған жоба «СМАРТ ЖАНАРМАЙ БЕКЕТІ» деп аталады. Ол көлік жүргізушілеріне төлемді онлайн жүйе арқылы іске асырып, жанармайды төмен баға да құюға мүмкіндік береді.
«Жүргізушіге ол біріншіден, қауіпсіз және ыңғайлы төлемдер. Жанармайды арзанырақ ала алады. АЗС-ке қазіргі клиенттерді сақтап қалу және жаңа клиенттерді шақыру»,-деді IT маманы, Айдар САДЫРОВ.
Жаңа бағыттағы ұсыныстардың ішінде медицина саласына бағытталған жобаларда бар. Сергей Шэк өз тобымен бірге ойлап тапқан мобилді қосымшаға жүз мың доллардан астам қаржы құйыпты. Жоба арқылы дәрігерлер мен науқастар онлайн түрде байланыса алады.
«Бізге қаржылай көмек аса маңызды емес. Басты мақсат дәрігерлерді үйрету. Біз тарапымыздан емханаларға жаңа жобаның тиімді екенін көрсетуіміз керек. Себебі, науқас пен дәрігер арасында үздіксіз байланыс болады. Қажетті кеңес беру, болмаса алу сынды мүмкіндіктер шексіз»,-деді IT маманы, Сергей ШЭК.
Айта кету керек, «Гараж» инкубациялық стартап бағдарламасы іске қосылмас бұрын, ұйымдастырушылар алдымен сұрыптау кезеңдерін өткізген. Еліміз бойынша, қатысуға ниет білдірген 150 жуық өтініштің тек 23 таңдаудан өтіпті. Аталмыш шараға арнайы келген Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бұл бағытта қолдау жалғасатынын айтып өтті.
«2025 жылға дейін біздің тапсырмамыз бар. Ішкі кипиай бар. Осы жерде,Қазақстанда орналасқан айти компаниялардың капитализациясын 1,5 млдр жеткізу деген. Осының арқасында біз көптеген жұмыстарды жүргіземіз. Ол Астана Хабты ашу. Екіншісі арнайы заңдарды енгізу, жағдай жасау»,-деді ҚР ақпарат және коммуникация министрі, Дәурен АБАЕВ.
Айта кету керек, Елбасы тапсырмасымен алғаш рет құрылып жатқан «Астана Хаб» IT технология паркінің ашылу салтанаты ресми түрде қыркүйекте өтеді. Ал, бүгінгі шара сол үлкен бастамаға дайындық іспетті - дейді ұйымдастырушылар. «Гараж» бағдарламасы арқылы тегін көмек алатын айти мамандары алдағы уақытта өзара бәйгеге түсуі ықтимал. Тек үздік деген 7-8 жуық компания болашақта осы жерде кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алмақ.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан