Астанадағы күлімсі иіс жоғалды. Қала тазалығына жауапты компания біртіндеп жерасты қоқыс жәшіктерін орнатып жатыр. Бұл тұрмыстық қалдықтардан иістің тарамауына, әрі шашылып қалмауына мүмкіндік береді. Ерекше контейнерлер шетелден жеткізілген.
Абылай хан көшесіндегі бұл үйдің тұрғындары бүгін бөркін аспанға атты. Жаз келісімен маңайды тарайтын күлімсі иіс ақыры жоғалды-ау, әйтеуір. Көптен бері күпті болған мәселені қала тазалығына жауапты компания қоқыс жәшіктерін жерастына орнату арқылы шешкен екен.
«Қатты жел тұрғанда қалдықтар ұшып, жан-жаққа шашылатын. Одан қалды, ит-құс пен қаңғыбастар аударып тастайтын. Ал күн райы қатты ысығанда күлімсі иіс қолқаны қабады. Мына ұзын қоқыс құралдары жақсы бастама екен. Қанша жылғы мұңымыз бір уақытта шешілді», – дейді қала тұрғыны Любовь ШЕВЧЕНКО.
Бұл жолы қоқыс контейнерлері алдымен Астананың үш бірдей ауданына қойылып шықты. Мәселен, Сарыарқа ауданына 10, Байқоңыр ауданына 14 және Алматы ауданына 2 данасы орнатылды. Жалпылай алғанда қаланың әр түпкірінде бүгінге дейін 70-ке жуық жәшік жасалған. Бұл қоқыс контейнерлері Финляндия елінен әкелініпті.
«Біз инновациялық жолды таңдадық. Қоқыс контейнеріндегі қаптың үштен екі бөлігі жерге көміледі. Сондықтан одан еш иіс шықпайды және үлкен аумақты алмайды. Ескерте кетейін, үш жарым шаршы метрді қамтитын қоқыс контейнері тек қатты қалдықтарға арналған», – деді Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Айнұр СҰЛТАНҒҰЛОВА.
300 келі қоқыс сиятын контейнерге тұрғындар қоқыс тастағаны үшін ай сайын 260 теңге төлейтін болады.
«Қоқыс тасымалдайтын көлік жүргізушісінің қолында арнайы басқаратын пульт бар. Роботтандырылған жүйеде адам тек бір нәрсені жасауы керек. Ол көліктің ілмегіне қоқыс қабын іледі. Қалған шаруа автоматты түрде жасалады», – дейді компания директорының орынбасары Дастан ХАМИТОВ.
Мамандар контейнерге қайта өңдеуге болатын қалдықтарды бөліп салудан бөлек, тез тұтанатын сұйықтық пен ыстыққа төзімсіз заттарды тастамауды сұрайды. Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Астанада жасыл қоқыс жәшіктерінің қасына қағаз, пластика, полиэтилен мен шыныға арналған түрлі түсті жәшіктерде қойылған болатын. Олардың көмегімен еліміз қалдықты қайта өңдеу көрсеткішін арттырмақ.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы