|
24.03.2017 | 15:20
1878

Наурыз мерекесін Астаналықтар да дүркіретіп тойлады

Наурыз мерекесін Астаналықтар да дүркіретіп тойлады

Күн мен түннің теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін кезең Наурыз. Той думанның ішінде тарихы сонау тереңнен сыр беретін осы мерекеге сай келетін мейрам жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  халықтың қуанышына ортақтасты. Дүйім жұртты Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, қала билігі ұйымдастырған мерекелік шаралардың қонағы болды.

Наурыз - жаңару белгісі. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін уақыты саналатын бұл мерекені астаналықтар да дүркіретіп тойлады. Қаланың бірнеше жерінде ұйымдастырылған мерекелік шаралардың басы «Сарыарқа» велотрегінен басталды. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назараев қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, ары қарай концерттік бағдарламаға жалғасты.

Мемлекет басшысы мұсылман халқына ортақ «Наурыз» мейрамы әр кезде достық, ынтымақ пен сенімнің нышаны екенін еске салды. Құттықтау барысында «Үшінші жаңғыру" бағдарламасы, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған Конституциядағы өзгерістер  ел болашағы үшін жасалып отырған маңызды шешімдер екенін атап өтті.

«Құрметті қазақстандықтар! Баршаңызды ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын! Бұл мереке ұлт пен дінді талғамайды. Ортақ мейрам барлық халыққа. Бұл біздің мызғымас бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды көрсетеді. Қымбатты бауырлар! Қазақстандықтар! Ұлыстың ұлы күні баршамызға бақ-береке әкелсін! Істеп жатқан шаруамыз тәуелсіздігіміздің тұғырын жоғарылатып, еліміздің болашағын баянды ету үшін жасап жатқан еңбек. Оған барлық қазақстандықтардың қатынасы бар»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Елбасы сөзінен кейін, мерекелік шара жоспарымен жалғасын тапты. Сахна төріне шыққан танымал өнер жұлдыздары көрермендерге ұмытылмас көңіл-күй сыйлады. Дәстүрлі ән өнері, яғни, Жетісу ,Сыр, Арқа мектептерінің түлектері көрермендер құлағының құрышын қандырса, сахналық қойылымдар кештің ажарын ашты. Халықпен бірге Мемлекет басшысы да біраз бөгеліп, концертті бірге тамашалады. Кейіннен Этно ауылда ұйымдастырылған мерекелік шараға ат басын бұрды. Мұнда 20-ға жуық ақ шаңқай киіз үй бой көтерген.

Айта кетейік, Наурыз мерекесі Астана қаласының бірнеше аймағында аталып өтті. «Сарыарқа» велотрегі мен Этно ауылдан бөлек, Мәңгілік ел монументі  және Астана қаласы әкімдігінің алдында тұрғындар үшін мерекелік шаралар ұйымдастырылған.

Азамат Әуезхан, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир