Астананы менингит меңдей бастады

31.05.2018 02:24

Менингит дертінің белгілері Астана тұрғынан да табылды. Қазір үш жастағы бала қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің бақылауында. Ақ халаттылардың сөзінше, менингококк инфекциясын жұқтырар алдында ол Алматы облысында бір ай демалған.

Ресми хабарламада дәл осы «Үркер» шағын ауданы, яғни қала сыртындағы коттедждік кішкентай қалашықта 3 жастағы балақай дертке шалдыққан.  Инфекция жұқтырған бала қазір ауруханада. Дәрігерлер, сонымен қатар, оның 10 шақты адаммен тікелей қарым – қатынаста болғанын айтады. Демек, олардың араларында туыстары, достары және көршілер болуы мүмкін.

Үш жастағы балақайдың ыстығы көтеріліп, жайсыз сезінгеннен кейін ата-анасы жедел жәрдем шақырған. Менингиттің алғашқы белгілері көрінгендіктен, мамандар оны қалалық балалар инфекциялық ауруханасына әкелген. Шұғыл тексерулер нәтижесінде балаға алдын ала «Менингококк инфекциясы қосымша менингококцемия» диагнозы қойылды. Қазір ол жансақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты.

«Қазір барлығы біздің бақылауда. Қатынаста болғандар кеше және бүгін таңертең дәрігерлік қараудан өтті. Медициналық тексерістен, яғни медициналық бақылаудан барлығына антибиотикалық профилактика тағайындалды», - деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Ақмарал МЕЙІРМАНОВА.

Мамандар ағзадағы инфекцияны Алматыда жұқтырған - дейді. Ақ халататтылар әзірге эпидемия жарияланбаса да, қала тұрғындарынан адам көп шоғырланатын жерлерде, көпшілік суға түсетін орындардан бас тартуды сұрайды.

«10 күннің ішінде емін алады орташа есеппен. Жағдайына, иммунитеттіне байланысты. Біреуде он күн, біреуде он бес күн. Бірақ негізгі емі, курсы біткеннен кейін, біздің бұйрықтарымыз бойынша, емі біткеннен кейін қайталап, анализін аламыз. Сол анализ екі дүркін алынып, ол теріс болған жағдайда, ауруханадан амбулаториялық бақылауда боласындар деп шығарамыз», - деді Астана қаласы балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Роза ӨТЕГЕНОВА.

Дәрігерлер елдегі менингитке шалдығу жағдайына қарамастан, Астанада жағдай тұрақты - дейді. Жыл басынан бері ауруханаға 4 адам жүгінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бірдей көрсеткіш.


Теги: менингит