Алматының Атлеттер ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

25.07.2017 15:41

Атлеттер ауданында жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Мекеме Алатау ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мұнда 500-ден аса мемлекеттік қызмет түрі бар. Су жаңа орталық жұмысымен қала басшысы Бауыржан Байбек танысты. Күніне 1 жарым мыңға жуық адамды қабылдай алатын кешенде сегіз сектор жұмыс істейді. Онда операциялық зал, жинақтаушы, әлеуметтік қызмет пен құжаттандыру және азаматтарды тіркеу, дайын құжаттарды беру, консультация сынды бөлімдер бар. Тұрғындарға барынша қолайлы болуы үшін «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының да көмек көрсететінін айта кеткен жөн. Ол арқылы бала-бақшаға кезекке қоюға, мекенжай және зейнетақы анықтамасын алуға, некеге тұруға өтініш беруге және басқа да қызмет түрлерін жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ, ғимаратта әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Еске сала кетейік, тамыз айында Наурызбай аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа ғимаратқа көшеді.

«Біз жаңа ғимаратқа көшіп келдік. 2 қабаттан құрайды. Ғимаратымыз 1560 шаршы метр. Бұрын өздеріңізге белгілі Шаңырақ шағын ауданында отырғанбыз. Өте тар жер. Қазір көріп отырсыздар, өте кең, жақсы. Ол халыққа біріншіден ыңғайлы. Біздің қызметкерлерге де ыңғайлы»,- деді Алатау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, Асқар НҰРБЕКОВ.

Сондай-ақ, қала әкімі Бауыржан Байбек Наурызбай ауданындағы «Қарғалы» өзенінің абаттандырылған шығыс бөлігін жаяу аралады. Мұнда халыққа ыңғайлы болуы үшін 2,6 шақырым болатын жүргіншілер жолы салынған. Оған қоса, 19 мың шаршы метр аумаққа 6 тонна қара топырақ және тура осындай аумаққа жасыл көгал төселіпті. Оны суғару мәселесі де реттелген. Ұзындығы 4,8 шақырым болатын жер суғаратын су құбыры жүргізілген. 4 балалар және 1 спорт алаңы орнатылып, 550 метрлік қоршау орнатылды. Бұл өзгерістер Наурызбайлықтардың көңілінен шыққан.