Әлем бойынша пайдаланылған судың 80 пайызы тазартылмайды. Біріккен ұлттар ұйымы биылғы жұмысын су қалдықтарын қайта тұтыну мәселесіне арнады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін төмендету үшін ауқымды шараларды қолға алмақ. Ең алдымен, мұқым жұртты ақпараттандыруды мақсат тұтуда.
Бүгінгі күні тұрмыстық және шайынды сулар қалалық кәріз жүйесінің 50-80 пайызын құрайды. Мұндай су қалдықтарын өңдейтін арнайы орындар бар. Тазартылған суларды шаруалар егістерін суаруға пайдаланады. Бұл шара су тапшылығын алдын алу үшін қолға алынған. Біріккен ұлттар ұйымы осы жылғы ұранды су қалдықтарын қайта тұтыну мәселесіне арнады. Оның аясында біраз шараларды атқармақ.
«Биылғы жоспарға сай, халықты ақпараттандыруды мықтап қолға алмақпыз. Себебі әлем халқының саны ұдайы өзгеріп отырады. Сондықтан қолда бар су ресурстарын бағалай білуіміз керек. Барша жұртқа оны ұғындыруымыз қажет», - деді Қазақстан бойынша ЮНЕСКО кластер бюросының Алматыдағы директоры Криста ПИККАТ.
Бұлай деуге негіз де жоқ емес. Себебі әлем бойынша пайдаланылатын судың 80 пайызы тазартылмайды екен. Әсіресе ауылды аймақтарда бұл мәселе кешеуілдеп тұр.
«Аумақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес, ауылды жерлердің тек 51 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. Қалғаны сүзгіден өтпеген суларды тұтынады. Бұл - үлкен мәселе. Өйткені, шет жаққа ағылатын сулардың дені тазартудан өтпейді», - деді «Тұрақты дамуға ықпал ету орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Вера МҰСТАФИНА.
Суармалы егін шаруашылығы мәселесін шешуге «Тоспа су» кәсіпорны өз үлесін қосып келеді. Қалалық кәріз сулары «Тоспа су» кәспорнына жөнелтіледі. Мекеме жыл сайын 380 мың текше метр су қабылдайды.
«Егін шаруашылығына пайдаланған суларды, жинақтағышта шыққан артық суды. Іле өзеніне тастау мүмкіндігіміз де бар. Бірақ 2006 жылдан бері Іле өзеніне тасталып жатқан жоқ. Өйткені пайдаланылып отырған су мен жинақтағыштағы судың балансы өзін-өзі беріп тұр. Сондықтан біз қазір суды тек босата аламыз», - деді Алматы қаласы «Тоспа су» МКК бас директоры Нұриддин ЖАРБОЛОВ.
«Тоспа су» кәсіпорны 1973 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір мекемеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы