Менингококтық инфекцияның эпидемиологиялық жағдайына байланысты Алматы қаласының бірыңғай медициналық call-орталығына түсетін қоңыраулар күрт өскен. Егер бұған дейін тәулігіне 250 қоңырау түссе, қазір оның саны алты жүзге дейін жетіпті. Тұрғындарды ең көп мазалайтын сауалдар қандай?
Алматыдағы соңғы ахуалға байланысты қалалық бірыңғай медициналық call-орталығы күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Бұған дейін алматылықтар мен қала қонақтарынан 3000-103 нөміріне бір тәулікте 250 қоңырауға дейін түссе, қазір оның саны 600-ге жеткен. Тұрғындардың көбі менингокок инфекциясы бойынша білікті мамандардан кеңес алуға асығады. Оның ішінде басқа мәселемен хабарласатындар да бар.
«Тұрғындар бізге ақпарат алу үшін хабарласады. Мәселен, медициналық мекемелердің, емханаларға тіркелу, кеңес алу секілді сұрақтар көбі. бірақ қазір менингокок инфекциясы бойынша жиі қоңырау шалып жатыр. Біздің мамандар негізгі белгілерін сұрап, жағдайға байланысты емханаға баруға немесе жедел жәрдем шақыруға кеңес береді»,-деді Алматы қаласы бірыңғай медициналық call-орталығының меңгерушісі Ирина РУДЕНКО.
2016 жылы құрылған медициналық кеңес беру желісі биыл наурыз айына дейін орталық клиникалық аурухананың базасында орналасқан. Қазір жедел жәрдем стансасына көшіріліпті. Онда тұрғындарға дәрігерлер мен эпидемиолог мамандар көмек көрсетеді. Тәулік бойы жұмыс жасайтын орталықтағы диспечерлердің саны сегізден 12 маманға толықтырылған.
«Менингококк инфекциясының кездесуіне байланысты біз колл орталығының жұмысын күшейттік. Егер бұған дейін түнде 3 диспетчер қызмет атқарса, қазір екі қызметкер қосылып, бес диспечер қызмет атқарып жатыр. Ал күндіз бес қызметкер болса, қазір жеті қызметкерге дейін саны көбейтілді. Жедел жәрдем қызметінде де жұмыстың күшейгені байқалады осы жағдайға байланысты. Ал бүгінгі ақпарат болса, соңғы үш күнде менингококк инфекциясы ешқандай адамдардан анықталған жоқ»,-деді Алматы қаласы «медициналық жедел жәрдем станциясы» ШЖҚ МКК бас дәрігері Сәбит ПАЗИЛОВ.
Медициналық кеңес алумен қатар, алматылықтар психологтың көмегіне де жүгіне алады. Мамандар қоңырау шалған адамдарды салқынқанды болуға шақырады. Айта кетейік, бірыңғай медициналық call-орталықтар еліміздің барлық өңірінде тәулік бойы жұмыс жасайды. Алматы қаласы бойынша нөмірі 3000-103.