Алматыда Тұғышбай Жаманқұловқа қатысты кезекті сот процесі өтті

15.03.2017 16:01

Алматыда Тұғышбай Жаманқұловқа қатысты кезекті сот процесі өтті. Судья жәбірленуші тараптарды тыңдады. «Феникс» фильмін түсіруге бюджеттен қаражат бөлген Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері егер Жаманқұлов жымқырған ақшасын толық қайтарса, кешірім беруге дайынбыз деп отыр.

«Феникс» фильмі түсірілмей жатып, шуға айналды. Жаманқұловтың ісіне қатысты өткен кезекті сот отырысында жаңа ақпараттардың шеті қылаң берді. Сөйтсе, көркем фильмге Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақфильм» қазынасына100 млн теңге аударған екен. Бұл қаражат «Феникстің» дайындығына ғана бөлінген. Кейін министрліктен берілген қап қаражатты «Қазақфильм» Жаманқұловтың серіктестігіне аударады. Ал, тапсырысты орындаушы компания осы ақшаның 79 миллионын талан-таражға салған екен.   

«Есеп комитетінде күмән туғандықтан, арнайы тексеріс тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша, Қазақфильм «Туран  Универсал Бизнес» серіктестігіне 2014 жылдың 17 наурызынан 2015 жылдың 2 сәуірі аралығында 79 миллион теңге аударғаны белгілі болды», - деді мемлекеттік ауыптаушы Серік ЕСТИЯРОВ.

Тараптар арасында туындаған сұрақтар көп. Мәселен Тұңғышбай Жаманқұлов басқарған серіктестікке 79 миллион теңге аударылса, 100 миллионнан қалған қаржының қайда кеткені белгісіз. Бұл сауалға министрлік өкілдері де жауап бере алмады. Десе де, мемлекеттік айыптаушылардың айтуынша, «Қазақфильм» министрлік алдында 100 миллионға қатысты есеп берген.

«Қылмыстық істегі құжаттарға сәйкес, министрлік алдындағы Қазақфильмнің барлық жұмыстары 3 акті бойынша жабылған. Яғни Қазақфильм министрлікке қарыз емес. Егер логикаға салсақ, «ұрланды деген 79 миллион теңге» азаматтық заңнамаға сай актілерді жойып, «Туран Универсал Бизнес» пен «Қазақфильмді» кредиторлық берешек ретінде тіркеу қажет», - деді  Талғат Жәнібековтің қорғаушысы Серік АЙТБАЕВ.

Осы тұста, министрлік қызметкерлері ақша жымқырды деп айыпталып отырған Жаманқұловқа кешірім беруге дайын екендерін айтты. Егер күдікті қымқырған ақшасын толық қайтарса, бітімге келуге дайынбыз деді.