Алматыда Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті

Алматыда Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгінде денсаулық саласында 82 пайыз, ал білім беру ісінде 70 пайыздан астам әйел адам қызмет етеді екен. Парламенттің 27 пайызын, ал мәслихат депутаттарының 20 пайызын нәзік жандылар құрайды. Осылайша, халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ардақты аналарымыздың, аяулы жандардың еңбегі еленіп, оларға жоғары деңгейде сый-құрмет көрсетілді. Алматыда өткен мерекелік шараның арты Роза Бағланованың 95 жылдық мерекесіне арналған көрмемен ұласты.  

Әйелдер қауымын құттықтауға арналған салтанатты жиында нәзік жандылардың қоғамдағы рөліне ерекше назар аударылды. Күні кеше еліміздің намысы сыналған дүбірлі сайыс - Универсиада жарыстарында ұлттық құрамамыздың спортшы қыздары ел қоржынына түскен 36 медальдің тең жартысын жеңіп алды. Шағын және орта бизнесте компания басшыларының 30 пайызға жуығы нәзік жандылар екен. Мұндай мағлұматты қала әкімінің орынбасары Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған мерекелік шара аясында жеткізді.

«Келтірілген статистикалық мәліметтің баршасы осы айтылғанның үлкен дәлелі болса керек. Түзде ер азаматтармен тізе қоса, қатар еңбек етіп, кейде тіпті, ер азаматтардан артық қызмет етіп, үйге келсе, баласының қамын, болашақтың қамын ойлаған сіздерге мың да бір алғыс. Күнделікті жасап жатқан ерліктеріңіз баянды болсын», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.

Қазақ халқы қашанда аруларын аялаған, әрі батыр қыздар да шыққан. Өлең-жырларға, эпостарға арқау болған Баян Сұлу, Еңлік, Қыз жібек сияқты аты аңызға айналған қыздарымыз көп. Қазақ қыздары солардан үлгі алу керек деді ақын қыз.

«Кейінгі жастарға тілейтінім - осы өзінің ару апаларын, еліне үлгі болған, батыр болған, батыл болған, мақтаныш болған, инабаттылығымен ана бола білген, ұрпақ тәрбиелей білген, жастар осылардан үйренсе екен деймін», - деді  мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, ақын Марфуға АЙТҚОЖИНА.

Биыл еліміз Роза Бағланованың 95 жылдық мерейтойын атап өтпек. 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Роза Тәжібайқызына арналған көрме ұйымдастырылды. Бұл іске бастамашы болған Роза Тәжібайқызының келіні.

«Әйелдер мейрамын арналған, әйелдер қауымы келіп көрсін, қуансын, өйткені осы мейрамға жиналған апамыздың бірге көп күндер өткізген адамдармен амандасып, көрісіп жатырмын. Ел еске алсын деп көрме ұйымдастырдық», - деді  Р.БАғланованың келіні Марал БАҒЛАНОВА.

«Бұл біздің кейінгі ұрпаққа керек. Бұл қайталанбайтын әншіні, керемет адамды көрсету керек. Маңыздысы осы. Ол кісінің әні қайталанбайды. Соны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу керек», - деді ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Гүлшара ЕСЕТҚЫЗЫ.

Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында ақжаулықты әжелеріміз, ардақты аналарымыз, аяулы қыз-келіншектер мен арулар зор ілтипатқа бөленді. Жалпы Алматыда 9 мыңға тарта көп балалы отбасы мекендейді. Олардың 4 мыңнан астамы алтын, күміс алқалармен марапатталды. Тек 2016 жылы 152 аяулы аналарымызға медальдар табыс етілді.

Сая Меңдеке, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров