Алматы төңірегіндегі қауіпті көлдерді мамандар аралап шықты

20.07.2017 15:40

Алматы төңірегіндегі қауіпті көлдер бақылауда. Мамандар тасуы бек мүмкін деген айдындарды аралап, ондағы ахуалмен танысты. Қазір 36 мореналық көлдің 9-да артық сулар ағызылып жатыр. Қалаға қатер төндіретін көлдерді көктен көрген әріптесім Жадыра Омаржан таулы аймақтағы жұмысшылармен жүздесіп, олардың машақатты қызметіне куә болды. Айтарым бар дейді, ендеше студияға шақырайын.

- Жадыра, тау көлдерінің тасу қаупі бар ма? Елдің дүрлігуіне негіз жоқ шығар?

- Иә, тау көлдеріндегі су деңгейі қалыпты мөлшерде. Мамандар осы жылдың басынан бері 1 млн 369 мың текше метр суды ағызып үлгердік дейді. Бұл жұмыстар тоқтамақ емес. Алдағы қазан айына дейін жалғасады. Өйткені, күннің ыстығынан мұздықтар еріп жатыр. Оларды көзден таса қылуға болмайды. Сондықтан тау көлдерін қазір 100-ден аса адам тәулік бойы бақылауға алған. Ол жерлерде арнайы бекеттер бар. Мамандар алаңдауға негіз жоқ деп сендіріп отыр.  

- Жақсы, онда әзірлеген материалыңды бірге тамашалайық!

Алматыда тау көлдеріндегі су деңгейі еміс азайып жатыр. Мамандар нөмірі 13-ші көлге аттанды. Олар біріншіден судың деңгейін тексеруге және ондағы жұмысшыларға азық-түлік пен қажетті құрал-жабдықтарды жеткізуге барды. Биыл мамандар 9 көлді қалаға қауіпті деп тауыпты. Тағы 17-сін бөгетті бұзатындарға жатқызған. Жалпы, Алматы аумағындағы тауларда 36 мореналық көл бар екен. Ондағы суды ағызу жұмыстарын «Қазселденқорғау» мекемесі қыркүйек, қазан айларына дейін жалғастырмақ. Өйткені, көл арнасынан мұздықтардың еруі толық аяқталғанға дейін кезең-кезеңімен жүргізіле береді.

«Біз бастапқыда жұмысты бастағанда былтырғы жылы бұл көлде 300 мың метр куб су болған. Былтырғы жылдың аяғында бұл көлді каналдарды қазу арқылы 160 мыңға дейін түсірдік. Көлде қазір жарылып кету қаупі жоқ. Бұл көлді жаңағы біз сифондар арқылы, жаңағы Алматы қаласы әкімдігінің көмегімен бөлінген насостар арқылы өздеріңіз көріп тұрсыздар насостар арқылы»,- деді «Қазселденқорғау» ММ қалалық пайдалану басқармасының басшысы, Самат ДӘУЛЕНХАНОВ.

Бұл «13-ші Б» көлінің бастапқыда мына жерде тұрған. Көл қауіпті саналғанмен, қазір қаупі сейілген. Мамандар жұмыс басталған 15 күннің ішінде мұннан 80 мың текше метрді суды ағызып жіберген екен. Қазір көл өз деңгейінен 3 метр төмен түсіп тұр. Бұл жұмыстарды мамандарды жалғастыруды көздеп отыр.


Жалпы, 9 көлде, атап айтқанда нөмірі "9" бен "10-шы"," 13-ші" және нөмірі "8-ші" көлде тағы жеті су соратын техника тынбай жұмыс істеп тұр. Олардың сағатына 400 текше метр суды ағыза алатын қауқары бар. Сондай-ақ, 6 көлде диаметрі 300 милиметр болатын сифон құбырлар орнатылған. Көлдердің деңгейін күнделікті бақылау үшін биік тауларда мезгілдік 8 бекет ашылған. Биыл ағызу жұмыстарына 5 кіші экскаватор мен 2 ауыр және қос авиациялық техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, «Қазселденқорғау» мекемесінің 5 және мердігер мекеменің 100-ден астам адамы ат салысуда.

«13-ші көлде жұмыс маусым айының 30-шы жұлдызынан бастап жұмыс жүргізіліп жатыр. Күндігіне ертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыстар жүргізіледі. Күнде 25 адам сол жұмыс басталғалы бері 25 адам жұмыс істеп жатыр. Мердігер мекемелердің жұмылдыруымен. Өзіміз күніне рация арқылы жаңағы өзіміздің орталық диспетчерлік пункт бар сол жерге ертеңгі сағат 7:00-де, 15:00-де кеште 7-де беріп отырамыз. Судың деңгейін, ауа-райын мына жердегі. Судың жаңағы температурасын бәрін түгел беріп отырамыз. Ара-арасында одан да жиірек беруіміз мүмкін»,- деді «Үлкен Алматы» учаскесін пайдалану бөлімінің басшысы, Кеңесжан КҮНЕСБАЙ.

Халықты селден қорғау мақсатында былтыр Үлкен Алматы өзенінің үстіндегі Аюсай сағасына және Ақсай көліне бөгет салуға жобалық-сметалық құжатқа жергілікті бюджеттен 146 млн теңге бөлінді. Қалалық әкімдік 500 мың текше метр суды ұстап қалатын қауқары бар «Мыңжылқы» бөгетін қайта жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Оған жалпы 560 млн теңге бөлінеді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттің 68 млн теңгесіне 10 терең су сорғыш сатып алынды.  

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы