Алматы облысы Талғар ауданында із-түзсіз жоғалған 39 жастағы ер адамның денесі таудан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл ақпаратты «Қоғамдық қауіпсіздік кеңесі» еріктілер бірлестігінің жетекшісі Ислам Угушев растады.
«Өкінішке қарай, ақпарат расталды. Ер адамның денесі Талғар тоғанның жоғары жағынан табылды. Оның денесін сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар тауып алды. Бүгінгі сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жігіттің денесінен зорлықпен өлтіру белгілері жоқ. Әкесі өлген адамның Максим екенін растады. Туған-туыстарына көңіл айтамыз», – деді Ислам Угушев.
Айта кету керек, Құлатаев Максим Амангельдіұлы 6 шілдеде үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған еді.