Елімізде бес мың қылмыскер мерзімінен бұрын бостандыққа шығады

10.07.2018 23:21

Қазақстанда бес мыңға жуық сотталған азамат бостандыққа шығуы мүмкін. Еліміздегі құзырлы органдар қылмыстық процесті ізгілендіру аясында қабылданған заңға сәйкес осындай қадамға бармақшы. Бұл туралы Бас прокурор Қайрат Қожамжаров мәлімдеді. Ведомство басшысы бірінші жартыжылдықты қорытындылау жиынында ел тұрғындарының құқығы мен әскердегі қылмысы туралы да айтты. 

Қайрат Қожамжаров әңгімесін құқық қорғау жүйесіне енгізілген өзгерістер жайынан бастады. Қайта қаралған жүйе ұсталғандар санын 8,4 мыңнан 5,8 мыңға, яғни үш есеге азайтқан. Ал қамауға алынғандар саны 6 мыңнан 4 мыңға дейін төмендеген. Жиында Бас Прокурор Қазақстандағы қылмыстық процесті ізгілендіру заңына сәйкес темір тордың ар жағындағы бірнеше мың азамат бостандыққа шығуы мүмкін деді. Олардың арасында ауыр қылмыс жасағандары да бар.    

«Қылмыстардың 260 құрамы бойынша қоғамдық жұмыс пен бас бостандығын шектеу енгізілуде. Айыппұл көлемі төмендетіліп, 36 құрам бойынша бас бостандығын шектеу мерзімі азайтылуда. Ауыр қылмыстар бойынша жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі 5 жылға қысқартылып отыр. Жалпы, бұл 5 мыңға жуық сотталған азаматты бостандыққа шығаруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Бас прокуроры Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ.

Алқа отырысында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академияның жұмысы да сөз болды. Жақында ғана сонда ректор болып тағайындалған Ерғали Мерзадинов оқу ордасындағы қызметкерлердің кәсіби дайындығын тексеру қажеттігін алға тарты. Себебі мамандардың ауысуы жиілеп кеткен. Үш жылдың ішінде аталған көрсеткіш 60 пайызды құраған. Еңбек тәртібі осал деді ректор.

«Әрбір екінші қызметкер бір жыл ішінде 10 рет «еңбекке жарамсыз» деген сылтаумен жұмысқа келмейді. Тіпті, академияда үш жыл жұмыс істесе, кіретін есікті де білмейтін қызметкерлер де бар», – деді басшы. 

«Академияда оқу бағдарламалары практикамен мүлдем үйлеспейді. Ішінде теориядан басқа ештеңе жоқ. Мен өзім нақты мысалдарға негізделген оқу бағдарламасын көрген емеспін. Ашығын айту керек, көбісі академияға ешбір дайындықсыз келеді. Кей кезде адамның жұмыс істеп жүрген саласы оқу бағдарламасымен сәйкеспейді. Демек, академияға бос жүрген қызметкерді жібере салады»,- деді ҚР Бас Прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали МЕРЗАДИНОВ.

«Маған келетін қызметкерлердің көбісі академияға ауыстыруды сұрайды. Содан қатты күдіктене бастадым. Әрине, адам көп талап қойылмайтын жерге барғысы келеді. Сосын ол жақта жалақы жақсы. Еңбек өтілін де жақсы санайды. Сондықтан бүгінгі мәселе дер кезінде көтеріліп отыр», – деді ҚР Бас прокуроры Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ.

Қожамжаров жақында ғана тағайындалған әскери прокурор Дастан Сартаевқа да біршама тапсырма берді. Әсіресе мемлекеттің қаржысына әскери тауарларды сатып алу кезінде ұрланбауын, әскерде әлім-жеттікке қарсы шараларды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Ал жалпылай алғанда, әскери саладағы қылмыс 28 пайызға төмендеген.

«Прокурорлар жүргізген тексеру нәтижесінде Қарулы күштердегі қылмыс саны 28%, әкімшілік құқық бұзушылықтар 45%, әскерилердің өлімі 24%, жарақаттану 16% төмендетілді. Қадағалау актілері арқылы өтемақы, тұрғын үй және коммуналдық қамтамасыз етуге қатысты 7 мың әскери қызметшінің әлеуметтік құқығы қалпына келтірілді. Бұл бағыт стратегиялық маңызды. Өйткені, заңдылықтың жай-күйі мемлекеттің әскери қауіпсіздігі мен қорғанысына байланысты», – деді ҚР Бас прокуроры Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ.

Прокуратура жыл басынан бері 3 миллион азаматтың құқығын қорғаған. Жоғарғы соттың тікелей наразылығымен сот 269 істің шешімін өзгерткен. Нәтижесінде 12 адам ақталған. Ең сорақасы, олардың үшеуі оған дейін арнайы колонияларда бір жылдан жеті жылға дейін жазасын өтеген. Сондай-ақ, ведомство зиянды және еңбек жағдайы қауіпті кәсіпорындарда 27 мың заң бұзушылықтың орын алғанын анықтаған. Олар еңбек заңнамасының, өндірістік нормалардың, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігіне қатысты екен.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы