Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі үй шаруасындағы әйелдерге, ресми табысы жоқ азаматтарға, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына да енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі келесі аптада депутаттарға бағдарламаға қатысушылардың тізімін кеңейту туралы заң жобасын таныстырады. Сәйкесінше, аталған санаттағы азаматтар өз еріктерімен ең төменгі жалақы мөлшерінің бес пайызын екінші деңгейлі банктер арқылы қорға аудара алады. Соның нәтижесінде, медициналық сақтандыру топтамасына кіретін көмекке қол жеткізеді. Азаматтарға жарналарды келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, ай сайын тұрақты аударуға болады.
«Ауылды жерде ондай көп, мысалы көп әйелдер үйде отырады. Жұмыс істемейді, күйеулері жұмыс істейді. Біз оларға да мүмкіндік беруіміз керек. Осы сақтандыруға қатысу үшін өздері немесе күйеулері, басқа азаматтар оларды тікелей барып сол қорға ақша төлеуге мүмкіндік беруіміз керек»,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрі, Елжан БІРТАНОВ.
Жаңа заң шеңберінде қарастырылған түзетулер бойынша мемлекет жарналарын төлейтін адам санаттарының тізбесін кеңейтуді ұсынбақ. Бұл 18 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыссыз тұлғалар, тіркелген күннен бастап 1 жыл ішінде жұмыссыз жүрген оралмандар, шетелдіктер мен студенттер. Еске сала кетсек, 1-ші шілдеден бастап медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілер жарна төлесе, қызметкерлер табысының 5 пайызын төлеуді 2019 жылдан бастайды. Бұған қоса, денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын реттеуге байланысты да заң жобасын әзірлеп жатыр екен.
«Коммерциялық дәріханаларда сатып жатқан дәрі-дәрмектің де бағасын біз реттеуіміз керек. Оның себебі, өздеріңіз білесіздер бір қаланың ішінде бір дәріге бағалар екі есе қымбат болып шығады. Осыған сәйкес біз қазір денсаулық сақтау министрлігінде арнайы заң жобасын әзірлеп отырмыз. Бұл заң жобасын біз бизнес пен ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, басқа мамандармен талқылауымыз керек. Оның себебі, олар әрине олардың бизнесіне әсер етеді»,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрі, Елжан БІРТАНОВ.