Еліміздің ішкі істер министрлігі су тасқыны болуы мүмкін аймақтарды атады. Қардың қалың түсуіне байланысты Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстарында қызыл судың тегіс жайылу қаупі жоғары. Мұны ведомство басшысы Қалмұханбет Қасымов үкіметтің кезекті отырысында айтты. Одан бөлек, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстары да қазір қатаң бақылауға алынған екен. Мінберден ғана сөйлейтін министрлер жиынында осыдан өзге қандай мәселелер тілге тиек етілді? Ол туралы толығырақ бізге Азамат Әуезхан айтып беруге дайын.
Өткен үкімет отырысының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Біріншісі, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, екіншісі, 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы нәтижелері. Жиын басында Ақтөбе облысының әкімі өңірде сұйық газ тапшылығының байқалатынын айтты. Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл мәселені бақылауда екенін және екі лауазымды қызметкерін осы өңірге жібергендігін атап өтті. Энергетика министрінің айтуынша, аталған облысқа 5 200 тонна сұйытылған газ бөлінеді және оның барлығын төрт компания алып, облыста сатады екен. Бұл компаниялар наурыз айында да бес мың тоннадан астам газды салып алыпты. Бірақ бұл газдың қайда жіберілгендігін ведомоства басшысы өз бақылауына алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, күн райының жылуына байланысты Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қаымов су тасу қаупі бар аймақтарды атады. Министрдің айтуы бойынша, бұған дейін гидрометеорологиялық орталықтың мәліметі мен су қоймаларының жағдайды ескере отырып, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары қауіптіліктің жоғары деңгейіне жатқызылған екен. Үкімет басшысы бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ал қазіргі жағдай бойынша су тасу қаупі Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында сақталып отыр.
«24-25 наурызда Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысындағы жағдайды тікұшақпен бақылап шықтық. Ал, ертең Қарағанды облысының аумағын тексереміз. Ауа райы болжамының мәліметіне сәйкес, қазір қауіптілік Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында сақталып отыр. Қостанай облысында су деңгейінің көтерілуін 6-7 сәуірге, ал Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында 8-9 сәуірге болжап отырмыз. Осы уақытқа барлық күштер дайындалып, қажетті шараларды қабылдаймыз»,- деді ҚР ішкі істер министрі, ¤Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.
Расында, Жоғарыда айтып өткенімдей, үкіметте екі салада жасалып жатқан жұмыс нәтижелері тыңдалды. Ауылшаруашылығы министрлігі биыл дақылдарды 22 миллион гектар алқапқа орналастыруды көздеп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 311 мың гектарға артық. Бұл сандарға қарап, биыл алынатын өнімнің артуы әбден мүмкін. Сонымен қатар ауылшаруашылығының бірінші вице министрі осы салаға берілетін бюджеттік несие көлемін де жариялады. Бұл мақсатта 60 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың шеңберінде 3 миллион алқапты қамти отырып, мың жарым агроөнеркәсіп кешендері субьектілерін қаржыландыру көзделіп отыр. Қайрат Айтуғанов суды көп қажет ететін дәнді дақылдар көлемін қысқартылатынын да айтты. Ал мал азығы дақылдарының көлемі: арпа, сұлы, жүгері секілді дақылдар көлемін 206 мың гектарға, жарма дақылдары 32 мың гектарға, майлы дақылдар 60 мың гектар, қан қызылшасының егістік көлемі 7 мың гектарға артады деп жоспарлануда. Осы ретте айта кету керек, Энергетика министрлігі егін егуге қажетті техникалық құралдардың дизельді отынмен толық қамтамасыз етпек. Оған 375мың тонна мөлшерінде қажетті жанар-жағармай дайындалған. Оның 148 тоннасы наурыз айына бекітіліпті.
Үкімет отырысында күн тәртібіне қойылған екінші мәселе Қазақстанның 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының көрсеткіші. Өткен жылы еліміздің жалпы ішкі өніміндегі өңдеу секторының үлесі 10,7 пайызға өсіпті. Индустрияландыру картасы аясында 878 миллиард теңгенің 130 жобасы іске қосылып, 10 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылған. Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2016 жылғы нәтижелерге тоқталды. Бағдарлама шеңберінде өткен жылы 3 негізгі бағыт бойынша оң көрсеткіштер байқалған. Өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 12 миллиард АҚШ долларынан асса, Тау-кен машина жасау саласында 2,2 есе, автомобиль жасауда 2 есе, құрылыс материалдарында 1,4 есе өсім байқалады. Бұл көрсеткіштерге әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуі себеп болып отыр екен. Ал 2016 жылы капиталға салынған инвестициялар көлемі 834 миллиардтан бір-ақ асыпты. Металлугргия, мұнай өңдеу, машина жасау, құрылыс индустриясы бойынша жалпы сомасы 155миллиард теңгеге 6 жаңа ірі өндіріс құрылды. Дегенмен, бүгінгі алқалы жиында сын да айтылды. Үкімет басшысы әлеуетті шетелдік инвесторларға ұсынатын жобалардың нашарлығын сынады.
«Инвесторлар үшін жобаларды дайындау үлкен мәселе болып отыр. Олқылықтар көп. Біз әкімдіктермен үлкен жұмыс жүргізіп, аталған учаскеге жауап беретін әкім орынбасарларын шақырдық. Нәтижесінде, біздің шетелдік инвесторларға ұсынатын жобалар тізімі өте нашар. Инвесторлар бүгін басқа жобаларды күтіп отыр. Яғни, бұл жақсы жобаларды іріктеу жұмыстарының жоқтығын көрсетеді. Әкімдерден сапалы жобаларды іріктеуге мән беруді сұраймын»,- деді ҚР премьер-министрі, ¤Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Бүгінде Елбасының тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту және эспорттық саясат жөнінде 2 стратегия әзірленіп жатыр. Ол 1-ші шілдеде бекітуге енгізілуі тиіс. Бүгінгі үкімет отырысы осылай аяқталды. Мендегі бар ақпар әзірге осы.
Рахмет! Студиямен тікелей байланысқа шығып, үкіметте айтылған жайттарды жіпке тізген - әріптесім Азамат Әуезхан болды.