Саясаттанушылар Елбасы үндеуіне қатысты пікірлерін білдірді

27.01.2017 15:26

Елбасы үндеуі Парламент жұмысына серпін беріп, елдің саяси экономикалық дамуын жақсартады. Президент үндеуін жан-жақты талқылап жатқан саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері осындай пікірде. Қысқасы, билік пен халықты жақындатады.

Күні кеше елбасының жариялаған Үндеуі саясаттанушылар, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері арасында қызу талқыланып жатыр. Елбасы Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлі күшейтілетінін айтқан еді. Бұл еліміздегі демократиялық процестің ары қарай жалғасын тапқандығын көрсететін болса, екіншіден, саяси биліктегі екі негізгі тармақтың Үкіметтің және Парламенттің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді дейді саясаттанушылар.

«Қызмет атқарып жүрген мемлекет басшысының құзыретін биліктің тармақтарына өз еркімен беруі  дүниежүзіндегі саяси өмірде өте сирек кездесетін құбылыс. Конституцияға енгізілуі көзделіп отырған өзгерістер Қазақстандағы демократиялық үдерістерді жетілдіру жолында, жалпы еліміздің дамуында маңызды бетбұрыс болатыны анық», - деді ҚР Парламент сенатының төрағасы Қасымжомарт ТОҚАЕВ.

Аталған  өзгерістер үкіметтің де, парламенттің де жұмысының кәсібилігін, елдің саяси экономикалық дамуындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етіп, тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Реформалардың халықтық талқыға салынуы - биліктің ашықтық принципін, әрбір бастаманы халықпен бірлесіп талқылауға дайындығын көрсетеді. Бұл жұмыстардың барлығы елбасының бес институционалдық реформа аясында жасалуда.

«Бұған қоғам дайын болу керек. Мемлекет, үкімен, жергілікті органдар осы билікті ала алады ма, дұрыс іске асыра ала ма? Ертеңгі күні олқылықтар болып, шикі шешім, шикі заң қабылдап, елге жақсылық алып келе ала ма дегендей. Соған байланысты бұған дайын болу керек деді Елбасы», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.

«Елімізде демократияны орнықтыру, дамыту жолында Үндеудің маңызы зор». «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген жиынына қатысқандар осыны алға тартты. Партия мүшелері Үндеуде еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін ары қарай жетілдіру жолдарының анық көрсетілгенін айтты. Бұл ретте саяси партиялардың да рөлі артпақ.

«Конституциядағы өзіміздің мойнымызға алған міндеттемеміз бар ғой: «Биліктің көзі - халық» деген. Демек, кешегі елбасының осындай 40-қа жуық функцияны Парламентке, Үкіметке беремін дегені - бұл билікті халықтың қолына өткізудің бір қадамы. Яғни, Конституциялық талап жүзеге асып жатыр», - деді «Нұр Отан» партиясының мүшесі Ханкелді ӘБЖАНОВ.

«Осы билікті биліктің 3 тармағына теңдей қылып үлестіру мақсаты тұр. Бәрін бір қолға шоғырландырмай, оны Парламентке, Үкіметке беру мәселесі өз кезегінде осы мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін одан ары арттыратынына  сенімдіміз», - деді Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Борис ЖАПАРОВ.

Елбасы өзінің үндеуінде Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беретінін айтты. Мемлекет басшысы бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады деді. Өкілеттіктерді беру тиісті Заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Сондай-ақ Президент билік тармақтарын үлестіру барысында 40-қа тарта президенттік құзыреттің Парламентке және Үкіметке берілетінін мәлімдеді.


Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы