«Алтын жүрекке» үміткерлерді тіркеу басталды

04.08.2017 в 16:43

«Алтын жүрекке» үміткерлерді тіркеу басталды. Қайырымды жандарды анықтауға бағытталған шара осымен 11-ші рет ұйымдастырылғалы жатыр. Өтінішті қабылдау қыркүйектің 30-ына дейін жалғасады. Үміткерлердің қайырымдылықпен айналысқандығын дәлелдейтін есеп құжаттары, фото және видео сияқты нақты мәліметтері болуы керек. «Алтын жүрек» сыйлығы 11 номинация бойынша табысталады. Жеңімпаздар 27-ші қазанда анықталмақ.

«Қайырымдылықпен айналысатын адамдардың қатары көбейіп келе жатқаны әрине қуантады. Ең бірінші жылы яғни «Алтын жүрек» дүниеге келген жылдары 48-50, 30 шақты ғана өтініш қабылдайтын болғанбыз. Ал қазір былтыр мысалы 2016 жылы 181 өтініш келіп түсті. Биылғы жылы да ол көрсеткіш жоғары дейгейде болады деген сенімдеміз»,- деді «Алтын Жүрек» сыйлығының бас үйлестірушісі, Гүлзат САХОВА.

Елімізде соңғы 2 жылда 15,8 миллиард теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген екен. Жомарт жандардың мұрындық болуымен елде 75 мектеп, 58 балабақша, 49 аурухана ашылып, 3 мыңнан астам науқас баланың өмірі арашаланыпты.

«Назар аударып отырғанымыз ең алдымен, қарапайым, алыста тұратын адамдар. Өйткені, қалада тұратын адам мен ауылда тұратын адамның мүмкіндіктері екі талай. Бірақ, дегенмен мына адамгершілік дегенге шектеу жоқ. Мұндай номинациялар негізінде, меніңше, мемлекеттік бақылауда болуы керек, қолдау табуы керек мемлекет тарапынан»,- деді «Алтын жүрек-2016» сыйлығы қазылар алқасының мүшесі, Саттар МӘЖИТОВ.