Еліміздің «Қазселденқорғау» мекемесінде мамандар жетіспейді

25.08.2017 10:11

Еліміздің «Қазселденқорғау» мекемесінде мамандар жетіспейді. Ал елді мекендердің төбесіне төніп тұрған мұзды көлдердің саны 700-дей болса, мемлекеттік мекеменің мамандары оның 80-нен астамын ғана бақылай алады. Ал тау басындағы  өзге 600-ден астам көл жеке шаруашылықтарға тиесілі. Алматыға Жапон, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан сынды барлығы оншақты елдің осы салаға қатысты ғалымдары келіп,  кеңес өткізген еді. Олар тау төбесіндегі көлдерге барып, жасалып жатқан жұмыстарды көрді.

Тек Алматының төбесіндегі таулы аймақтарда 36 көл болса, олардың 17-сі қауіпті. Көктем, жаз, күз мезгілдерінде бұндағы әр көлге 300-ден 450 мың текше метр аралығында су жиналады екен. Бұл сел жүру қауіпін жоғарлатады. Ал осыдан екі жыл бұрын Қарғалының төбесіндегі №1 көл тасығанда ондағы судың көлемі 30 мың текше метр ғана болған.

Көзге көрініп тұған қарлы мұздан бөлек, бетін тас жауып жатқан жерлердің астыда қалың мұз. Температура тау басында  6-7 градустан жоғарласа болды еру процесі бірден жылдамдайды.Үш жарым мың метр биіктікте оттегінің аз болуына қарамастан тау басындағы көлдердің көлемін кішірейту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп келеді.  Қауіпті деп саналған 17 көлдің 9-на су соратын арнайы қондырғылар қойылған.

«9 көлдің үшеуін қауіпсіздендіріп үлгердік. Оларда су жоқ ешқандай. 5 насос биыл бізге берілді. Оның екеуін осы 13-ші көлге орналастырдық. Тағыда қосымша екі сифон орнатылды», - деді «Қазселденқорғау» ММ қалалық басқармасының басшысы Самат ДӘУЛЕНХАНОВ.

Қарлы шыңға ауыр техникалар, адам, оларға қажетті дүниенің бәрі тек тікұшақ арқылы ғана жеткізіледі.Таудан тас аралас сел жүрмеу үшін жанталаса жұмыс істеп жатқан жігіттердің жұмысын көрген шетелдіктер айтар ақылдан көрі, алатын, үйренетін, өз елімізде қолданатын жұмыстар көп екен деді.

«Қазақстандағы селден қорғау бойынша жасалып жатқан жұмыстарды өзіміздің мамандарға жеткіземіз. Бөгеттер салу, көлдерге мониторинг жасау,  гидротехникалық бөгетерді қолдану, орнату сынды жұмыстар жасалыпты. Бұл біз үшін тәжірибе болмақ. Ондай жұмыстарды әсіресе біздің Душанбе қаласында жақсарту қажет», - деді техника ғылымдарының докторы Ахмат ФАЗЫЛОВ (Тәжікстан).

Ел аумағындағы таулы өлкеде мориналды 696 көл болса, олардың 85-і «Қазселден» қорғау мекемесінің тұрақты бақылауында. Қалғандары түрлі шаруашылықтарға тиесілі.  

«Пантондық тәсілмен судың деңгейін түсіру ол біздің «Қазселденқорғау» жасаған әдісі. «Қазселденқорғау» мекемесінде 480 адам жұмыс істейді. Республика бойынша. Бұл әрине бізге аздық етеді. Жылдан жылға климаттың, темперетураның жоғарлауына байланысты біздің мориналық көлдер жылдан жылға үлкейіп келеді», - деді «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары  Гүлнар КҮДЖИБАЕВА.  

Селдің қауіпін сейілтуде тек адам саны ғана емес, гидротехниктер, молынан еріп жатқан мұзды шыңдарды зерттей алатын ғалымдар, инженерлер жетіспейді. Жартаста жүрседе жалақысы жоғары болмағандықтан жастар бұл салаға жуымайды. Үлкен және кіші Алматы, Қарғалы мен Ақсай өзендеріне құятын  мориналық  көлдердің суын азайту 20 қыркүйекке дейін созылады.