Елімізде келер жылдан бастап АИ-80 маркілі жанармай шығарылмайтын болды. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, 2018 жылы Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары толықтай жаңарады. Сөйтіп, бензин сапасы да жақсармақ. Тіпті, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты биылғы жылдың жазынан бастап Еуро-4, Еуро-5 талаптарына сай келетін жанармай өндіре бастайды. Ол К-4, К-5 атауларымен сатылымға шықпақ.
«Модернизациялау, жаңғырту жұмыстары бітетін болады. Павлодар мұнай зауытында 80 маркалы бензин мүлдем шығарылмайды және Атырауда да жылдың соңына дейін шығарылмайтын болады. Шымкент мұнай зауытында биыл шығарылады әлі. Бірақ, келесі жылдан бастап, олар техникалық модернизациялау жұмыстарын бітіреді. Сол жақтада мүлдем шығарылмайтын болады. Жалпы айтқанда келесі жылдан бастап, 80-ші бензин Қазақстанда шығарылмайтын болады», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.