Қазақстанда дизельдің құны шарықтап, бензин бағасымен теңесті. Дәлірек айтсақ, жанар-жағармай бекеттері АИ-92 маркілі бензин мен дизель отынын бір бағамен сатуда. Сарапшылар дизельдің қымбаттауына бірнеше фактордың әсер еткенін айтады. Біріншіден, 1-ші маусымынан бастап дизель отынының акциздік бағасы тоннасына 9300 теңгені құраған. Осылайша оның бөлшек бағасы жанармай бекеттеріндегі құнға әсер еткен. Екіншіден, отандық жанармай шығаратын зауыттар дизель құрамындағы күкіртті төмендетіп, сапасын едәуір жақсартыпты. Соның әсерінен елімізде отынның осы түріне сұраныс арта бастады. Әрі, ішкі нарықта көктемгі егіс, жазғы науқанға байланысты дизельді тұтынатындар қатары көбейген. Сарапшылар дизельдің құны әрмен қарай өсуін жалғастырады деген болжам жасауда.
«Ресейдің жобалауларынша, эксперттерінің алдағы жылы жанармайға, дизель отынына деген акциздік баға тағы да көтерілмекші. Сезілерліктей көтерілмекші. Акциздік баға көтерілгеннен кейін, Ресейде дизель отынының бағасы көтеріледі, әрине. Ал, біз Ресеймен бір экономикалық аймақта жұмыс істегеннен кейін біз де өзімізде өндіретін жанармайдың Ресейге кетіп қалмау үшін, бізге де жанармайға деген акцизді көтеруге тура келеді. Бұл енді біз оған мүдделіміз. Сондықтан бізде де алдағы уақытта жанармайдың бағасы өсуі мүмкін», - деді сарапшы Тоқтамыс МЕҢДІБАЕВ.