Жолдау: 1 шілдеден бастап зейнетақы 20%-ға өседі

01.02.2017 15:00

Бұқаралық ақпарат құралдарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты дәстүрлі жолдауы жарық көрді. Биылғы жолдауда Елбасы үшінші жаңғыру арқылы еліміздің даму болашағын айқындайтын бес басымдықты атап өткен. Осыған орай, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмаларын орындауға  жауапты адамдарды бекітті.  Президент министрлер кабинетіне  «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырған болатын.

Елбасы биылғы Жолдауында да әлеуметтік салаға ерекше екпін қойып отыр. Нақтырақ айтсақ, 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткердің зейнетақысы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін өседі. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау келер жылдан бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге аспақ. Осылайша, 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшері 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге дейін артады. Ал,  елімізге керісінше пайдасынан зияны көп нысандар қысқарады. «Бәйтерек», «Самұрық-Қазына», «ҚазАгро»   қайта құрылуы мүмкін.

«Өздеріңіз жолдаудан естігендей, кейбір нысандар қайта құрылады немесе мүлдем жойылады. Яғни жарамсыз, мемлекетке пайдасы жоқ нысандар жойылады. Сондай-ақ оларға бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік емес қаржы көздері арқылы қор қалыптастырумен айналысу керектігін айтты», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Жолдаудағы бес бағыттың бірі - Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру. Осыған орай жауапты министрлiктер 2025 жылға дейiн негiзгi салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру бойынша кешендi шаралар әзiрлейдi. Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет.

«Ауыл тұрғындарын бизнеске тарту туралы. Жаңадан жасақталған бағдарламада тиісті шаралар қаралған. Осы бағдарламаның аясында жолдауда айтылған алдағы бес жылда 500 млн-ға жуық қосалқы шаруашылықтар мен фермерлерді осы кооперацияға біріктіре  отырып, жұмысқа тарту бағдарламада қамтылып отыр», - деді ҚР Ауыл шаруашылық министрі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ.

Президент бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтудi тапсырды. Осыған орай Үкімет пен әкімдер 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлейдi. Сондай-ақ Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жүктелген басты міндет - цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету.  Сағынтаев ведомствоның жауаптысы Дәурен Абаевқа мемлекеттік органдармен бірлесіп осы мәселені реттеуді тапсырды.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан