Елімізде допингтік даулар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмақшы. Мәжілісмендер дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша бірқатар сұрақтарды күн тәртібіне шығарды. Енді допинг дауына іліккен споршыдан бөлек, оның бапкері мен дәрігері, сондай-ақ осы спорт түрінен бекітілген тұлға да заң алдында жауап береді. Жаңа құжат әлі пысықтауды қажет етеді. Мінбердегілер шетелдік тәжирибеге сүйене отырып, допинг саласына қатысты өзгерістерді Парламентке енгізбекші. Таяуда Австрияда біздің биатлоншырамызға қатысты болған дау да назарға алынады. Бұл ретте дәрігердің техникалық кінәсі айдан анық. Ақ халаттыларға қатысты қандай шара қолданамыз?
«Жауапкершілік деңгейі бойынша бірінші кезекте бапкер, дәрігер және осы үдерісті үйлестіретін спорттық атқарушы жауапты. Жақын арада Австрияда біздің биатлоншыларға қатысты оқиға орын алған болатын. Онда тек дәрігердің техникалық кінәсі бар. Дәрігерге қатысты қандай шараны қолдана аламыз? Ол тек кешірім сұрады да, қызметінен кететіндігі туралы өтінім жазды. Ал осы жағдайда ықпал ету шаралары жоқ», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Олимпиада чемпиондарымен келісімшартқа отыру керек дегенді айтып қалды. Атқамінердің сөзінше, мемлекеттен қандай да бір сыйақы алатын чемпионмен қағаз жүзінде келісу керек. Допинг дауына іліксе, алған қаражаттың қаншасын мемлекет қамбасына қайтарады? Айта кетейік, елімізде Олимпиададан топ жарған үздіктерге бірінші орын үшін 250 мың АҚШ доллары беріледі. Бапкер де бұл соманы иемденеді. Ең үлкен қаржылық сыйақы тағайындайтын елдердің қатарында екендігімізді ескере отырып, жауапкершілікті арттыру мақсатында бұл іс қолға алынып отыр.