Мемлекеттік қызметкерлерді аттестациядан өткізу жалғасуда. Науқан басталғалы Алматыда 1500-ден астам шенеунік сынақ тапсырған. Тестілеудің нәтижесі бойынша олардың 400-ге жуығы «өте жоғары» көрсеткішке қол жеткізіпті. «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің нәтижесі қандай және енді қанша шенді сынақтан өтеді. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
¤Алматыдағы тестілеу орталығында білдей қызметте жүрген шенділер тест тапсырып жатыр. Мұндағы мамандар сәуір айының соңына шейін «Б» корпусына қарайтын 3500 мыңнан астам мемлекеттік қызметкерді сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Тест тапсыруға жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тайлы-тұяғы қалмай жиылды. Олар 2 сағат ішінде талап бойынша қойылған 220 сұраққа жауап берді. Сауалдар логикалық ойлауға, әрі жылдам шешім қабылдауға бағытталған. Яғни, сынақта шенеуніктің жұмысты жоспарлауы, оңтайлы шешім қабылдай алуы және халыққа қызмет көрсетудегі қабілеті зерделенді.
«Менің мемлекеттік қызметте жүргеніме 10 жылдан асты. Біз бұған дейін негізінен заңдарға, «заңды кім, қаншалықты деңгейде біледі», тест тапсырған кезде осы тұрғыдан келсек, бүгінгі талап анықталып жатқан мәселе бұл адамдардың шығармашылық мәселесі. Жеке қызметті ұйымдастыру мәселесі»,- деді Алматы қаласы тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, Мамай АХЕТОВ.
«Мына сұрақ желісін оқу барысындағы бірінші өзіме түйген ойым, бұл адамның қабілеттілігін анықтау. Түрлі қиын жағдайларда, түрлі жағдайларда шешім қабылдаудың оңтайлы жолдарын іздестіру және де ол шапшаң, өте тез болу керек. Менің ойымша осындай тестілеуді ұйымдастыру арқылы мемлекеттік қызметкерлердің қабілетін анықтай отырып, олардың әрмен қарай жұмысын жетілдіруге үлкен мүмкіндік туады»,- деді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы, Нұрлан СЫДЫҚОВ.
Алматы қаласы бойынша, «Б» корпусындағы 3500 мемлекеттік қызметкер аттестациялаудан өтеді деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта, олардың 1500-нан астамы сынақ тапсырып үлгерген. Нәтижесінде, 400-ге жуық шенеунік «өте жоғары» деген баға алған. Ал, 1000-нан астамы «жұмысқа тиімді» деген көрсеткішке қол жеткізсе, 50 адам «қанағаттанарлық» деңгейінде қалыпты. Айта кету керек, шенеуніктер тестінің нәтижесін қолдарына бірден алады. Кейін, жоғары аттестаттау комиссиясымен сұхбаттасады.
«Комиссияға қоғамдық қайраткерлер қосылады, Мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, басқа да партияның мүшелерін кіргізуге рұқсат етілген. Әрбір қызметшіге әңгімелесудің нәтижесі бойынша «өзінің атқарып отырған жұмысына лайық», «жоғарылатуға» немесе «төмендетуге» кеңестер беріледі. Егер ол нәтижесі бойынша өтпей қалған жағдайда»,- деді Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы, Марат ДОСЫМБЕК.
Аттестация, шенеуніктерді жұмыстан кетіруді көздемейді. Тек құзыреті мен қабілет-қарымын анықтауды, әрі кемшін тұсын әрмен қарай жетілдіруге бастама болмақ. Орталықтағылар күнделікті 200-ге жуық адамды қабылдап, сынақты сәуір айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Мемлекеттік қызметкерлердің аттестациядан өтуі бірінші ақпанда басталған болатын. Айта кетейік, екінші жарты жылдықта "А" корпусының қызметкерлері сыналмақ.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы