Қазақстанда әйелдердің ерте босану көрсеткіші артып келеді

20.11.2017 21:05

Елімізде әйелдердің мерзімінен ерте босану көрсеткіші артып келеді. Дүниеге келген балалардың 10 пайыздан көбі шала туады. Айы-күні жетпей өмір есігін ашатын 100 шақалақтың 70-ін отандық дәрігерлер аман алып қалатын көрінеді. Бүгін халықаралық мерзімінен ерте туылған балалар күніне арнап қалалық перинаталды орталығы ата-аналарға мәдени шара ұйымдастырыпты.

Екі жасқа таяп қалған Қайсар бар-жоғы 800 грамм ғана салмақпен туған. Анасы перзентін 25 апталығында босаныпты. Мәдина Өтешова «бүлдіршіннің шала туылғандығына қарамастан, алғыр, зерек әрі қимыл-әрекеті шапшаң», - дейді.

«Ол кезде үлкен күмән тұрды. Баламыз өмір сүре ма, сүрмей ма деген. Себебі, өте ерте туылып қойды және массасы өте төмен болды, 800 грамм, бойы 36 см болып туылды. Тұмаудан, суықтап қалдым да сол кездері, «тұмау тиді содан», - деп айтты дәрігерлер», - деді Мадина ӨТЕШОВА.

Қазір орталықтың неонатальді бөлімшесінде 24 шала туылған бала бар. Ішіндегі ең кішкентай деген нәрестенің салмағы - 615 грамм. Ақ халаттылардың массасы ең кем дегенде 458 грамм болатын шақалақты құтқарып қалған кездері де болыпты.

Перинаталды орталықта жылына 10 мыңға жуық әйел босанса, оның 1 мыңға жуығы мерзімінен бүрын туады. Бұған әсер ететін себептер көп көрінеді.

 «Ең бірінші - инфекциялар. Одан кейінгі жүйкенің шаршауынана болады», - деді Алматы қалалық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Айнұрым САРБАС.

Мынадай арнайы инкубаторлардың көмегімен талай сәби өмірін сақтап қалады. Мәселен, мына құрылғы 500 граммнан жоғары салмақ тартатын нәрестелерді сақтауға, баптауға арналған. Арнайы белгіленген медбикелер әр үш сағат сайын баланың температурасын бақылап отырады. Яғни, бұл аппарат ана жатырында жатқандай жағдай тудырады. Инкубатордағы температура 37 градустан ауытқымауы керек. Әйтпесе шақалақтың дамуына зиянын тигізеді екен. Орталыққа мұндай жабдықтар қайырымдылық қорлардан жиі бөлініп тұрады.

«Бұл жоба аясында біз балалардың өміріне өте қажетті құрылғыларды жеткізіп отырдық. Яғни, олар реанимациялық үстелдер, дем алу құралдары, инелі дозаторлар. Дәрігерлер ондай аппараттарсыз көп нәрсе жоғалтар еді», - деді «Аяла» қайырымдылық қорының вице-президенті Жангелді СӘРСЕНОВ.

Бұған қоса, «Аяла» қайырымдылық қорының еріктілер тобы перинаталды орталықтағы шақалақтарға 70 тоқыма киім таратты. Айта кетейік, әлемге аты мәшһүр ғұламалар "Ньтон" мен "Эйнштейн" де шала туылған екен.

Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы