Ақпарат және коммуникациялар министрі Даурен Абаев өңір-өңірмен тікелей байланысқа шығып, ақпарат және байланыс саласы бойынша атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Белсенділік танытқан БАҚ өкілдері журналист құқығы, әлеуметтік қорғалу, аймақтық тілшілердің кәсіби деңгейін арттыру жағдайын көтерді. Сонымен қатар, ғаламтор мен шетелдік арналардан тарайтын саны көп сапасы жоқ қажетсіз ақпараттарға тосқауыл қою мәселесі де назардан тыс қалмады.
Өткен жылы құрылған министрліктің бүгіндері атқарған жұмысын Дәурен Абаев рет-ретімен таныстырды. Балалар арасындағы сиуцид, зорлық-зомбылық жағдайының түйіткілдері талқыға түсті. БАҚ тарапынан тексерілген мағлұмат беру, балаларды зиян ақпараттардан қорғау, қауіпті сайттарға шектеу қою басты мәселеге айналды.
«Балаларды ғаламтордағы теріс ақпараттан қорғау үшін ұялы байланыс операторлары білім ошақтарына арнайы икемделген контент ұсыну қажет. Сонымен қатар, БАҚ-да зорлықты басынан өткерген бүлдіршіндер туралы материалдарды беруге тосқауыл қоятын боламыз. Себебі, ақпарат құралдары рейтингті қуалап, адамның ішкі жан дүниесіне көңіл бөлуді мүлде қойды», - деді Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.
Халыққа қызмет көрсету саласы да біраз жеңілдемек. Яғни, алдағы уақытта ел азаматтары емес, мемлекеттік қызметкерлер оларға тәуелді болмақ. Яғни, бала туылғаннан кейінгі аты-жөні, берілетін жәрдем ақы, балабақшаға тізімге тұру сынды жағдайлар смс арқылы шешілмек. Бұл жүйе арқылы қажетті орган автоматты түрде базаға енгізетін ақпарды алып отырады.
«Электрондық Үкімет порталы арқылы кез келген адам үйінен шықпай-ақ қажетті мәліметтерді алып, сұрағын шеше алады.Оның ішінде, бизнесті тіркеу, лицензия алу, некеге тұруға және тағы да басқа. Бүгінгі таңда қолданушылар саны алты миллионға жетіп отыр», - деді Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.
Жиналған қауымның басым бөлігі БАҚ өкілдері болғандықтан, осы топтың көкейінде жүрген мәселелер қаузалды. Демек, әлеуметтік қорғалу, баспанамен қамту және кәсіби деңгейді өсіру. Әрі, алдағы уақытта ғаламтор желісімен қамтылмаған аймақтарға арнайы құралдар орнатылып, толық жабдықталмақ.
«Журналистердің жағдайы бізге де мәлім. Бірақ олар мемлекеттік қызметкер болып табылмайды. Сондықтан баспана мәселесін шешу қиындау. Дегенмен, әр түрлі банктермен келісе отырып, төмен пайыздық көрсеткішпен пәтер алуға жағдай жасауға болады», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.
Сонымен қатар, БАҚ қатысты заңға енген өзгерістер де назардан тыс қалмады. Министрдің сөзіне сенсек, 200 жуық түзетулер мен өзгеріс енген. Құжатты азаматтық қоғам өкілдері, журналистер қауымы, телекоммуникация нарығындағы қызметкерлер, сарапшылар мен өзге өңір өкілдері жан-жақты қарастырып, нақты шешімге келген.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» арнасы Астанадан