Болашақта қажетсіз мамандықтар жойылады

13.03.2017 15:00

Болашақта қажетсіз мамандықтар жойылады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Жиында министр жаңғыртуға байланысты қандай кәсіптің сұранысқа ие, ал қандай мамандықтың алмастрылатыны жөнінде айтты. Сонымен қатар, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төңірегіндегі дауға қатысты да өз пікірін білдірді. Толығырақ Астанадағы тілшіміз Азамат Әуезхан тарқатады.

Елбасы жолдауына сәйкес, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру саласында 4 бағыт бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Олар:еңбек нарығы, зейнетақыны қамсыздандыру, әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет көрсету салалары. Жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова болашақта қандай мамандықтардың жойылатыны жөнінде мәлімдеді. Ал сұраныстан шығып қалған маман иелері қайтадан басқа мамандықтар игеріп шығатын болады.  

«Бүгінде кей мамандықтар жаңа технологияның әсерінен қолданыстан шығып қалып жатыр. Егер бұрындары 10 адам қызмет ететін мекеме болса, қазір бір адамның өзі жеткілікті. Бұл мамандық иелері далада қалмайды. Оларды басқа кәсіпке қайта даярлау қажет. Қазір ол үшін арнайы топ құрылды. Бұл арнайы топ екі сала бойынша жұмыстарын жүргізеді»,- деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Тамара ДҮЙСЕНОВА.

Тамара Дүйсенова бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төңірегіндегі дауға қатысты да пікірін білдірді. Оның айтуынша қазақстандықтардың бейнетпен жинаған ақшасына мемлекет кепілдік береді. Ал, қолды болған немесе жұмсалған қаражатты жинақтаушы қор өз активтері есебінен толықтырып отырады. 

«Мына жинақтаушы қор өзінің активтерінің есебінен жіберген қаражаттары үшін қазір тексерілуде. Оның шешімін сот шығарар. Ал бұл біздің зейнетақы жинақтарымызға қатысы жоқ. Ол жөнінде мемлекет тарапынан екі жақты бақылау жасалып отыр. Біз күнделікті әрбір азаматтардың еңбек ақысынан қанша қаражат кетіп жатқаны біздің орталығымызда  бар, екінші Ұлттық банк өзі де қарап отыр»,- деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Тамара ДҮЙСЕНОВА.

«Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі еліміздегі азаматтардың алатын жалақысына байланыстыда өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, барлығы атқаратын қызметтеріне байланысты екен. Оның үстіне әйелдер қауымына көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Сол себепті Қазақстанда жалақы жағынан айырмашылық байқалмайтынын жеткізді.

Азамат Әуезхан, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан